Астанадағы №79 мектеп-лицейіне 600 орындық жаңа ғимарат пайдалануға берілді

Ғимарат 1200 балаға лайықталған. 25 оқу кабинетімен толыққан мектепте жеке асхана, спорт залы және шахмат сыныбы бар.

 ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов 1 Қыркүйек 2026, 16:45
1 Қыркүйек 2026, 16:45
119
Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Қазақстанда оқушы орнының тапшылығын азайту және балаларға заманауи білім ортасын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Солардың қатарында биыл пайдалануға берілген Астана қаласындағы №79 мектеп-лицейдің бастауыш сынып оқушыларына арналған 3 қабатты қосымша ғимараты бар. Назарларыңызға жаңадан салынған нысанның ішкі мүмкіндіктері мен дайындығынан BAQ.KZ тілшісі дайындаған фоторепортажды ұсынамыз.

Мектеп директоры Қанат Байсалбаевтың айтуынша, қазіргі таңда бұл білім ордасында барлығы 3450 бала білім алуда. Оның ішінде бастауыш буында 1400 оқушы бар. Сондай-ақ мектептегі білім беру тілі бойынша 60 пайызы – қазақ сыныптары, ал 40 пайызы – орыс сыныптары.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Бой көтерген жаңа ғимарат 600 оқушы орнына шақталған, ал екі ауысымды жүйені есепке алғанда 1200 балаға дейін білім алуға мүмкіндік береді. Мектепте 1-4 сыныптар аралығында барлығы 45 сынып бар. Олардың 15-і – биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған 380 оқушыдан құралған 1-сыныптар.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Ғимаратта жалпы 25 оқу кабинеті орналасқан. Сонымен қатар заманауи талаптарға сай 2 лингафон кабинеті, орыс сыныптарына арналған 2 қазақ тілі кабинеті және 2 информатика кабинеті толық жабдықталған.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Мектепте 11 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан бастауыш сынып мұғалімі Данагүл Рамазанова бұл жаңашылдықтың оқу сапасына оң әсерін тигізетінін атап өтті.

Мен осы мектепте 11 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Біздің бұл жаңа ғимаратымыз балаларға жаңа мүмкіндіктер береді деп сенеміз. Шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беретін жаңа сыныптар ашылды, барлығы толық интерактивті тақталармен қамтамасыз етілді. Бұрын кабинеттеріміз аз болған, қазір арнайы бөлмелермен толықты. Енді емін-еркін сабақ береміз, – деді мұғалім.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Ғимараттың 1-қабатында бастауыш сынып оқушыларына ғана арналған 200 орындық жеке асхана қарастырылған. Мектеп басшылығының сөзінше, бұған дейін жоғары сыныптар мен бастауыш оқушыларына ортақ бір ғана асхана жұмыс істеп келген. Ал қазір кіші жастағы балалар бөлек, кең де таза ортада тамақтанады. Айта кету керек, 1-4 сынып оқушылары толықтай тегін ыстық тамақпен қамтылған.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов
©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Сондай-ақ 1-қабатта бастауыш сынып оқушыларының дене шынықтыру сабақтарына арналған еңселі спорт залы орналасқан. Барлық заманауи спорттық инвентарьлармен жабдықталған бөлменің жоғарғы жағында жарыстар мен ашық сабақтарды тамашалауға арналған арнайы көрермендер балконы да қарастырылған.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов
©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Оқу ордасындағы басты жаңашылдықтың бірі – арнайы шахмат кабинеті. Мектепте 2024-2025 оқу жылынан бері шахмат сабағы пилоттық жоба ретінде енгізілген болатын. Биыл осы жоба негізінде жаңа корпуста арнайы шахмат сыныбы пайдалануға берілді.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қайрат Жарасбай жаңа спорт залының мүмкіндіктеріне тоқталды.

Бастауыш сыныптарға арналған 3 қабатты заманауи ғимарат салынды. Балаларымыз қатты қуанып жатыр. Спорт залымыз өте кең, ашық, сонымен қатар барлық спорт талабына сай инвентарьлармен толық жабдықталған. Шахмат залының ашылғанына да өте қуаныштымыз. Шағын болса да балалар жеке отырып, көңілдері бөлінбей, алаңдамай шахмат ойнап, сабақ өте алады, – деді Жарасбай Қайрат.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Жаңа ғимараттың кеңдігі мен жайлылығы оқушыларға да ерекше ұнаған. 2 «Ғ» сыныбының оқушысы Жақып Айсана өз әсерімен бөлісті.

Маған мектептің жаңа ғимараты, жаңа сыныптар өте қатты ұнады. Бұрынғы сыныбымызға қарағанда үлкен әрі кең, – дейді кішкентай Айсана.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Мектепте балалардың қауіпсіздігі мен инклюзивті орта құру мәселесі де толық ескерілген. Жаңа ғимарат толықтай бейнебақылау камераларымен, өрт дабылы және өрт сөндіру батырмаларымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ көру қабілеті зақымданған және зағип жандарға арналған арнайы тактильді жолақтар төселген.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов
©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Мектеп ауласында оқушылардың сабақтан тыс уақытта белсенді демалуына арналған жаңа ойын және спорт алаңы салынған. Балалардың жас ерекшелігі ескеріліп салынған алаңқай арнайы жұмсақ төсеніштермен қапталған. Бұл бүлдіршіндердің ашық ауада серуендеп, қауіпсіз ортада спортпен шұғылдануына өте қолайлы.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

№79 мектеп-лицейдің бұл жаңа корпусы бастауыш сынып оқушыларының сапалы, қауіпсіз әрі заманауи ортада білім алуына кең жол ашып отыр.

©BAQ.KZ/Артём Чурсинов
Наверх