Өрт сөндірушілер Астана маңындағы құрғақ шөптің өртенуін сөндіруді жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елордалық ТЖД, сондай-ақ Ақмола және Қарағанды облыстарының келген өрт сөндірушілер 80 гектар аумақтағы өртті сөндіруді жалғастырып жатыр. Өрт басталғалы бері авиация 74 рет көлемі 222 тонна су ағызды. Өртті сөндіруге қазіргі уақытта барлығы 172 адам, 46 техника және 2 тікұшақ жұмылдырылды, - деп жазды ведомстводан.
Өрт сөндіруді ТЖ министрі Сырым Шарипханов өз бақылауына алды.
Еске сала кетейік, кеше таңертең Астана іргесіндегі Қорғалжын тасы жолы мен Қосшы қаласына қарай айналма жолдың арасында қураған ағаштың өртеніп жатқаны анықталды. Өртті сөндіруге басында жеке құрамның 15 маманы мен 3 техникасы жұмылдырылды.
Алайда Астанада қатты жел тұрып, жағдайды ушықтырып жіберді.
19 маусым сағат 15:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге жеке құрамның 140 адамы және Төтенше жағдай департаментінің 12 техникасы, әкімдіктің сегіз суару машинасы және Астана орманның 10 техникасы жұмылдырылыпты.
Қаланы түтін басып, демалу қиындады. Осыған байланысты қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды көшеге еш себепсіз шықпауға, пәтердің терезелерін ашпауға, көшеде бетперде тағып жүруге шақырды.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Премьер-министр Әлихан Смайыловқа есеп беріп, тұрғын үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ екенін айтты.
19 маусым сағат 17:30-дағы жағдай бойынша алапат өртті сөндіруге Астана қаласы ТЖД жеке құрамының 158 адамы мен 33 техникасы, сондай-ақ қала әкімдігі мен Астана Орманы техникасы, Қорғаныс министрлігінің екі МИ-17 тікұшағы тартылды.
Кеше BAQ.KZ тілшісі оқиға орнына барып жағдайды біліп қайтты. Сағат 18:52-дегі жағдай бойынша өрт әлі толықтай сөндірілмеген. Алдын ала болжам бойынша 15 гектар аумақта өртті сөндіру жұмысын жүргізіліп жатты.
Өртті сөндіруге Ақмола мен Қарағанды облыстарынан көмек келетіні хабарланды.
ТЖМ мәліметінше, сағат 21:09-да астана маңында болған өрт оқшауланды.