Астана маңындағы ауылдардың жол мәселесі қалай шешіліп жатыр?

4 Қаңтар 2024, 17:36
921
Бөлісу:
Астана маңындағы ауылдардың жол мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Астана маңындағы Қосшы, Талапкер және Қоянды ауылының жолдары қалай жөнделіп жатыр? BAQ.KZ тілшісі Целиноград ауданының әкімдігіне ресми сауал жолдады.

Онда биыл елді мекендерге жолды жөндеу үшін қанша қаржы бөлінетіні және негізгі жолдардан бөлек, көше арасына қашан тас жолдар салынатыны сұралды.

Қосшы

Қосшы қаласының және Тайтөбе ауылының көше-жол желісінің жалпы қашықтығы 225 шақырым, оның ішінде асфальтбетон жабыны 128 шақырым, қиыршық тас- жабыны 62,2 шақырым және топырақ жамылғысы 34,8 шақырым.

Бүгінгі таңда жол төсемін жаңғырту Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының жолдарының құрылысы және күрделі жөндеу бойынша 4 жоба негізінде жүргізілуде. Былтыр (еск -жылдың аяғында) республикалық және облыстық бюджеттер қаражаты есебінен қашықтығы 35 шақырымнан асатын жолдардың құрылысы және жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл Қосшы қаласы және Тайтөбе ауылының жолдарын күтіп ұстауға, жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын орнатуға және пайдалануға облыстық және жергілікті бюджеттен 725 млн теңге бөлінді. Өткен жылы 16 шақырым қала ішілік жолдардың құрылысы жобасы әзірленді. Жоба құны - 15,8 млрд теңге. Бас мердігер "АБК Автодор НС" ЖШС. Жоба шеңберінде 1500 орындық мектеп-гимназияға кіре беріс жолдардың құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды және «Нұрай» тұрғын үй кешені маңындағы №3 орта мектепке, «Сереневый сад», «Алтын дала» тұрғын үй кешендеріне кіре беріс жолдарын құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда, - делінген ресми жауапта.

Қосшы қаласы және Тайтөбе ауылы көшелеріне 17 шақырым жолға инертті материал төсеу және грейдерлеу (тегістеу) бойынша жұмыстар атқарылды. Аталған жұмыстарға облыстық бюджеттен 174 млн теңге қаржы бөлінді.

Қоянды мен Талапкердің жол мәселесі

Былтырдан бастап Талапкер ауылында көше-желісін салу бойынша 2 жоба сонымен бірге күрделі жөңдеу бойынша 1 жоба іске асып жатыр. Жобалар іске аса бастағаннан бері күрделі жөңдеу бойынша 27,4 км ал көше-желісін салу жобалары аясында 13 км жол учаскілеріне асфальт жабындылары төселді. Одан бөлек 2023 жылдың аяғында тағы 1 жобаның жобалау- сметалық құжаттамасы әзірленді.

Қоянды ауылында көше-желісін салу бойынша 1 жоба және күрделі жөңдеу бойынша 1 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалар аясында 15,6 км астам жол асфальтталынды. Өткен жылы 3 жобаның жобалау- сметалық құжаттамасы әзірлеу жоспарланған.Алдағы уақытта қаржаттың бөлінуіне байланысты құрылыс жұмыстары жалғасатын болады. Жол мәселесі республикалық немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялық жобаларға жатады. Аудан әкімдігімен бюджеттік нақтылауға өтінім берілегенін және алдағы болатын бюджеттік нақтылауға өтінім берілетінін жеткіземіз, - деп жауап берді Целиноград әкімдігі.

Өзгелердің жаңалығы