Astana Hub моңғолдық технопаркпен жұмыс істейтін болды

12 Маусым 2023, 20:22
676
Бөлісу:
Astana Hub моңғолдық технопаркпен жұмыс істейтін болды
Фото: Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі

Astana Hub моңғолдық технопаркпен жұмыс істеуге ниетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

9-11 маусымда Ұлан-Батырда өткен ICT Expo Mindgolia 2023 ақпараттық технологиялар мен байланыс саласындағы ірі іс-шарада Astana Hub халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев пен Моңғолия Ұлттық ақпараттық технологиялар паркінің директоры Жаргалсайханы Золзая өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Келісім стартап экожүйесін дамыту, инновациялық бағдарламаларды құру және қамтамасыз ету, инвестиция тарту және біліктілікті арттыруды көздейді.

Біз Ұлттық ақпараттық технологиялар паркімен ынтымақтасып, екі елдің экожүйесін дамыту бағытында бірлесе жұмыс істеуге қуаныштымыз. Моңғолиядан Fibo.cloud, Metaver және Cody сияқты бірнеше перспективалы стартаптар Silkway Accelerator және Hero Training - Astana Hub-тың Google for Startups және Draper University-мен бірлескен бағдарламаларының қатысушылары екенін атап өткім келеді. Біздің серіктестігіміздің арқасында екі ел арасындағы технологиялық кәсіпкерлік интеграциясы одан әрі нығая түсетіні анық, – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Еске салсақ, моңғолдық Fibo.cloud стартапы - Astana Hub және Draper University бірлескен алдын ала акселерация бағдарламасының нәтижелері бойынша таңдалған 20 стартаптың бірі және қазір АҚШ-тағы Кремний алқабында акселерациядан өтіп жатыр. Өткен жылы Fibo.cloud Silkway Accelerator (Astana Hub және Google for Startups бірлескен бағдарламасы) барысында Моңғолия үкіметімен қоғамдық бұлттық қызметтерге келісім-шарт жасасу және Қазақстандағы телекоммуникациялық компаниямен келісімге қол қою арқылы ай сайынғы кірісін 22 есеге арттырды.

Моңғолиядан келген тағы бір қатысушы – Metaver микрооқыту платформасы да Silkway Accelerator кезінде жақсы көрсеткішке қол жеткізіп, Үндістан нарығына шықты. Cody әмбебап көп арналы сауда платформасының командасы қазір Silkway Accelerator үшінші легіне қатысып жатыр, акселератор бір айдан кейін аяқталады.

Айта кетейік, 9-11 маусымда Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен ICT Expo Mindgolia 2023 көрмесіне ІТ-саланың 100-ден астам жетекші ұйымдары, сондай-ақ ірі халықаралық технологиялық компаниялар қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы шара экологиялық тұрғыда ерекшеленеді. «Біз үлестірмелі материалдар мен баспа жарнамаларын пайдаланбай-ақ, цифрлық тақталар, шағын қолданбалар және QR-код арқылы қағазсыз көрме өткіздік», - дейді олар.

Үш күнге созылған шара барысында ресми кездесулер мен келісімдерге қол қоюмен қатар, лазерлік шоу, голограммалары бар сахна және жарық шоуы, киберспорт, скутер жарыстары, косплей шоуы, вакансиялар жәрмеңкесі, стартап презентациясы өтті.

Іс-шараның бас ұйымдастырушысы - Моңғолия Ұлттық ақпараттық технологиялар паркі, сондай-ақ Моңғолия Электрондық даму және коммуникациялар министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі іс-шараға қолдау көрсетті.

Өзгелердің жаңалығы