Астана халықаралық форумы – жаһандық диалогтың жаңа алаңы болып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Форумда әлемдік көшбасшылар өзекті мәселелер жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды.
Астана халықаралық форумы шешуші сәтте өтіп жатыр. Біз климаттың өзгеруі, экономикалық тұрақсыздық және теңсіздіктің артуы секілді күрделі мәселелерге тап болып отырмыз. Мұндай жағдайда сындарлы диалог бұрын-соңды болмаған деңгейде маңызды. Дүниежүзілік банк форумға қатысушылармен бірлесіп, экономикалық тұрақтылықты арттыру, сапалы әрі мол жұмыс орындарын құру және белгісіздік жағдайында төзімділікті күшейту бағытында шешімдер мен мүмкіндіктерді қарастыруға ниетті. Мен осы өзекті мәселелерді “Болашақты қамтамасыз ету: өзгермелі әлемдегі экономикалық тұрақтылықты нығайту” атты сессия барысында талқылауды асыға күтемін, - дейді Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі вице-президенті ANTONELLA BASSANI.
Форум спикерлері әлемді алаңдатқан сын-қатерлерге де тоқталды.
Әлем жолайрықта тұр. Қазір салиқалы әрі инклюзивті диалог бұрынғыдан да маңызды. AIF өзін түрлі көзқарастар мен дауыстарды біріктіріп, қазіргі ең өзекті жаһандық мәселелерді шешуге ұмтылатын бірегей платформа ретінде көрсетіп отыр. Бұл маңызды әңгімелерге дәнекер болу – мен үшін үлкен мәртебе, дейді Bloomberg-тің бұрынғы журналисті CHARLOTTE KAN.
Осы орайда сарапшылар халықаралық тәртіп, экономика және қауіпсіздік туралы ойларын да ортаға салды.
Астана халықаралық форумы – халықаралық тәртіпті қайта қарастыруға бағытталған бірегей мүмкіндік, - дейді Montaigne институтының Геосаясат жөніндегі арнайы кеңесшісі MICHEL DUCLOS.
Мюнхен қауіпсіздік конференциясының төрағасы да форумда өз пікірін айтты.
Біз жаһандық күштердің қайта бөліну кезеңін бастан өткеріп жатырмыз. Жаңа ойыншылар – мемлекеттік және мемлекеттік емес субъектілер сахнаға шықты, ал кейбіреулері дәстүрлі рөлдерінен шеттетілді. Бұл үдерістің нәтижесі әзірге беймәлім. Бірақ үміт бар: жаңа күш теңгерімі ортақ ережелерге негізделіп, “джунгли заңының” үстемдігіне жол бермейді, деді Мюнхен қауіпсіздік конференциясының төрағасы CHRISTOPH HEUSGEN.
Астана халықаралық форумы — әлемдік сын-қатерлерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Әлемдік деңгейдегі сарапшылар мен шешім қабылдаушылар диалогтың маңызын ерекше атап өтуде. Форум — ортақ шешім іздейтін және болашаққа бағыт беретін бірегей диалог алаңы ретінде жоғары бағаланды.