- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Астана Энрикенің хиттерін бірге шырқады: Келесі концерт Алматыда өтеді
Астана Энрикенің хиттерін бірге шырқады: Келесі концерт Алматыда өтеді
Астана Энрикенің хиттерін бірге шырқады: әнші Алматыда тағы бір концерт береді.
-
Айым Серікбайқызы
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы
4 Қыркүйек 2026, 18:03
3 қыркүйек күні Astana Arena-да көпшілік көптен күткен ерекше кеш өтті. Қазақстанға алғаш рет келген Энрике Иглесиас бірнеше буынның жадында жатталған әндерін шырқап, мыңдаған көрерменді бір кешке ортақ сезімге бөледі. Бір кезде радиодан тыңдап, теледидардан көріп өскен әлемдік жұлдызды қазақстандық жанкүйерлер енді өз көзімен көріп, сүйікті әндерін онымен бірге шырқады. Астанадағы әсерлі кештен кейін Энрике Алматыға барады. 5 қыркүйекте әнші Орталық стадионда өнер көрсетеді.
Энрике Иглесиастың әндері қазақстандық тыңдарманға бұрыннан жақын. Hero, Bailamos, Escape секілді хиттер шыққалы бері талай жыл өтсе де, оларды алғашқы әуенінен-ақ танитындар көп. Өйткені бұл әндер біреудің жастық шағымен, біреудің алғашқы махаббатымен, енді бірінің алыс сапарлары мен өміріндегі ұмытылмас сәттерімен бірге өріліп кеткен. Сондықтан Астанадағы концертке келгендердің көбі үшін бұл жай ғана әлемдік жұлдыздың өнерін тамашалау емес, жылдар бойы тыңдап өскен әншісімен ақыры жүздескен кеш болды.
Энрике сахнаға шыққан сәтте-ақ Astana Arena-ны дүркіреген қошемет басты. Әнші де көп күттірмей, алғашқы минуттардан көрерменмен етене араласып кетті: сахнаның шетіне дейін келіп, трибунадағы жұртқа тіл қатып, ән арасында жанкүйерлерімен сөйлесіп отырды. Ал көпшілік таныс әуен басталған сайын бірден әнге қосылып, кейбір хиттерді Энрикемен бірге басынан аяғына дейін шырқады. Бір сәтте сахнадағы әншінің дауысына мыңдаған адамның үні қосылып, алып стадион бір деммен ән айтып тұрғандай әсер қалдырды.
Кештің көркін ерекше ашқан тағы бір дүние – көрермен қолындағы мыңдаған жарқыраған білезік. Олар жай ғана әдемі жарық болып қалған жоқ: музыка ырғағына, сахнадағы жарық пен шоудың әр сәтіне қарай бірде жанып, бірде сөніп, бүкіл аренаның кейпін өзгертіп отырды. Әсіресе бір ән кезінде стадиондағы жарық түгел сөніп, артынша мыңдаған білезік бір мезетте жарқ еткен сәт көрерменнің ерекше ықыласын тудырды. Қараңғыда сансыз жарық бір ырғақпен тербеліп, Astana Arena алып жарық теңізіне айналғандай болды.

Оған отты эффектілер мен ауқымды сахналық қойылым қосылып, концерттің әр бөлімі өзінше өрбіді. Шоудың басты ерекшеліктерінің бірі – стадионның қақ ортасына орнатылған қосымша сахна еді. Негізгі сахнамен ұзын подиум арқылы жалғасқан бұл алаңға Энрике кеш бойы бірнеше рет шығып, көрерменнің дәл ортасына дейін барды. Осылайша алыстағы трибунада отырған жанкүйерлер де әншіні жақыннан көріп, үлкен стадиондағы концерттің өзінде әртіспен арадағы қашықтық жоғалғандай күй кешті.
Астанадағы алғашқы концерт Энрикені көру үшін алыс жолдан келген жанкүйерлерді де бір жерге жинады. Astana Arena-да Қазақстанның әр өңірінен келген көрермендермен қатар, Орталық Азия елдері мен өзге мемлекеттерден арнайы жеткен қонақтар болды. Олардың арасында сүйікті әншісінің соңынан бірнеше елге барып, концерттерін қалт жібермеуге тырысатын жанкүйерлер де бар.
Қырғызстаннан келген көрермендердің бірі Астанамен ғана шектелмей, 5 қыркүйекте Алматыда өтетін концертке де баруды ұйғарған. Оның айтуынша, Энрикені сахнадан көру көптен бергі арманы болғандықтан, Қазақстандағы екі концерттің бірін де жібергісі келмеген.
Энрике Иглесиастың концертіне баруды бұрыннан армандап жүр едім. Қазақстанда екі концерт беретінін естігенде, екеуіне де барамын деп шештім. Астанадағы кештен алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Енді Алматыға ұшамын. Сол эмоцияны тағы бір рет сезінетін сәтті асыға күтіп жүрмін, - дейді ол.
Алайда бұл кештің әсерін концерттің ауқымы мен жарқыраған шоуынан ғана іздеу аздық етеді. Өйткені трибунада отырған талай адамның Энрикенің әндерімен байланысты ерекше сәттер бар. Соның бірі – астаналық ерлі-зайыптының ширек ғасырға жуық уақытқа созылған махаббат хикаясы.
Олар мектеп қабырғасында жүргенде, 10-сыныпта Энрикенің әйгілі Hero әніне биін бірге дайындаған. Күн сайынғы дайындық барысында бір-біріне деген сезімі оянып, кейін тоғыз жыл кездескен екі жас ақыры шаңырақ көтереді. Бүгінде олар үш баланың ата-анасы, ал концертке бір апта қалғанда отасқандарына 15 жыл толған. Арада осынша уақыт өткенде екеуі кезінде махаббаттарының басталуына себеп болған әнді алғаш рет Энрикенің өз орындауында бірге тыңдауға келді.
Жолдасым екеуміз мектептен бері таныспыз. 10-сыныпта Hero әніне би дайындадық, арамыздағы сезім де сол дайындық кезінде басталды. Кейін тоғыз жыл кездесіп, үйлендік. Қазір үш баламыз бар. Бір апта бұрын отбасын құрғанымызға 15 жыл толды. Ал бүгін, арада ширек ғасырға жуық уақыт өткенде, Hero-ны Энрикенің өз орындауында бірге тыңдап тұрмыз. Біз үшін бұл жай ғана ән емес. Біздің отбасымыздың тарихы осы әннен басталды, - дейді жанкүйер.
Осындай сәттер Энрике Иглесиастың музыкасы неге арада ондаған жыл өтсе де тыңдарманға жақын екенін жақсы аңғартады. 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдары жастық шағын өткізген буын оның әндерін жай ғана тыңдаған жоқ – сол әндермен бірге есейді. Bailamos-қа алғаш би билегендер, Hero-ны тыңдап ғашық болғандар, Escape-ті қайта-қайта қойып тыңдағандар бүгінде есейіп, отбасы құрды, балалы болды. Бірақ кезінде жүрекке жақын болған әннің алғашқы әуені естілгенде, сол бір кезеңнің сезімі қайта оралатыны бар.
Астанадағы концерттің ең әсерлі тұсы да осы болса керек: бір стадионға жиналған мыңдаған адамның әрқайсысында өз естелігі болғанымен, сол кеште бәрін бір музыка біріктірді.
Қазақстандағы концерттер қарсаңында Энрике Иглесиастың шоу бағдарламасы да толығымен жаңартылған. Жаңа қойылымды әзірлеуге әлемнің танымал әртістерімен жұмыс істейтін америкалық концерттік продакшн мамандары атсалысты. Мыңдаған жарқыраған білезік, отты эффектілер, ауқымды жарық шоуы мен стадион ортасындағы қосымша сахна осы бағдарламаның бір бөлігіне айналды.
Осылайша Энрике Иглесиастың Қазақстандағы алғашқы концерті Astana Arena-ға жиналған мыңдаған көрермен үшін көптен күткен музыкалық жүздесуге айналды. Бірі сүйікті әншісін алғаш рет сахнадан көрсе, бірі жастық шағына оралды, ал енді бірі өз өмірінде ерекше орны бар әнді араға жиырма жылдан астам уақыт салып, әншіні өз елінде қарсы алып жатыр. Кеш соңында стадионды ұзақ қошемет кернеп, қазақстандық көрермен Энрикені сахнадан қимай шығарып салды.
Бірақ Энрике Иглесиастың Қазақстандағы алғашқы сапары мұнымен аяқталған жоқ. Астанада мыңдаған жанкүйерін әнге қосқан әншіні енді Алматы күтеді. 5 қыркүйекте Энрике Орталық стадионда өнер көрсетіп, қазақстандық тыңдарманмен тағы бір үлкен музыкалық кеште жүздеседі.
Ең оқылған:
- 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтардың зейнетақы жинағына қатысты не өзгереді?
- Астанада саяхатшы қыздың «ұрланған» велосипеді құрбысының үйінен табылды
- Димаш Құдайберген Президент сыйлаған тазысын көрсетті
- Ербол Мырзабосынов, Саясат Нұрбек: Екі министр тағайындалды
- «Әзілдесуге болмайды»: Зейнеткер Алматы-Ақтау рейсінен түсіріліп, жауапқа тартылды