"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының делегациясы ХКБ Бас Ассамблеясының 166-отырысына қатысты

28 Қараша 2019, 15:46
4186
Бөлісу:
"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының делегациясы ХКБ Бас Ассамблеясының 166-отырысына қатысты
Серіктестік материал

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Франция астанасында Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) Бас Ассамблеясының 166-сессиясының отырысы өтті. 

Іс-шара жұмысына "Астана ЭКСПО-2017" Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Ербол Шорманов пен ұлттық компанияның Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нұрбек Ергешбаев қатысты.

Отырыс аясында Дубайдағы "ЭКСПО-2020" Дүниежүзілік әмбебап көрмесінің дайындық барысы туралы, Буэнос-Айрес қаласындағы "ЭКСПО-2023" Халықаралық мамандандырылған көрмесінің және Осакадағы "ЭКСПО-2025" көрмесінің өткізілуі туралы есептер ұсынылды.

Іс-шараның басты оқиғасына ХКБ жаңа Бас хатшысын сайлауын атар едік, оған Димитрий Керкентзес сайланды.

Керкентзес мырза 2003 жылдан бері ХКБ-ның тұрақты қызметкері болып табылады, ол әртүрлі басшылық қызметтерді, соның ішінде бұрынғы ХКБ Бас хатшысы Виссенте Лоссерталестің кеңесшісі және орынбасары қызметтерін атқарды.

Атап өтерлігі, бұл лауазымдық қызметті Лоссерталес 1994 жылдан бері 25 жыл бойы атқарған. Дәл оның кезінде Қазақстан ХКБ-ның құрметті мүшесі болды, Астанада "ЭКСПО-2017" көрмесін сәтті өткізгені үшін жоғары баға алып және халықаралық танымалдыққа ие болды. В.Лоссерталес бұл ең табысты мамандандырылған көрме болғанын және ЭКСПО-2017 тәжірибесін алдағы көрмелерді өткізу барысында пайдаланылатынын атап өтті.

Қазақстан Республикасы 1997 жылдан бастап Халықаралық көрмелер бюросының мүшесі болып табылады. Біздің еліміздің туы алғаш рет 1998 жылы Лиссабонда өткен мамандандырылған ЭКСПО көрмесінде көтерілді. Қазақстан 2005 жылдан бастап (Нагоя, Жапония) ЭКСПО көрмелеріне белсенді экспонент ретінде, одан кейін: Сарагоса (Испания, 2008), Шанхай (ҚХР, 2010), Йосу (Корея Республикасы, 2012) Милан (Италия, 2015), Анталья (Түркия, 2016, бағбандық көрмеге) қатысты.

2012 жылы Қазақстан ТМД елдері арасынан бірінші болып ЭКСПО көрмесін өткізу құқығына ие болды. Осындай ауқымды шараны еліміздің астанасында ұйымдастыру бастамасы ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі.

2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткен "ЭКСПО-2017" Халықаралық мамандандырылған көрмесі "жасыл" энергетика саласындағы өзекті шешімдерді іздеу және талқылауға арналған әлемдік алаңға айналды. Көрмеге 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты. 90 күн ішінде көрмені төрт миллионға жуық адам аралап тамашалады.

Көрме Қазақстанның экономикалық өсуіне қуатты серпін берді – тауарлар шығару көлемі артты, ал туристік қызметтерге сұраныс 78%-ға өсті.

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу Қазақстанның халықаралық көрмелер бюросымен өзара қарым-қатынасындағы жаңа тарауды ашты.

2017 жылы БАӘ астанасы Абу-Даби қаласында "Астана ЭКСПО-2017" мен "ЭКСПО Дубай 2020" бюросы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында тараптар халықаралық көрмелерді ұйымдастыру мен өткізуде тәжірибе мен білім алмасуда өзара қолдау көрсетуге уағдаласты.

Сонымен қатар, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың БАӘ-ге ресми сапары аясында 2018 жылдың 24 наурызында "Дубай ЭКСПО-2020" Дүниежүзілік көрмесіне қатысу шартына қол қойылды.

"Дубай-2020" дүниежүзілік көрмесіне қатысу бұл Қазақстанның әлемдік қоғамдастықта танымалдығы мен туристік тартымдылығын арттыруға тамаша мүмкіндік, бұл елдің туристік брендін шетелде кешенді ілгерілету үшін өте маңызды.

Қазіргі уақытта 192 ел Дубайдағы ЭКСПО-2020 көрмесіне қатысатынын растады. Ұйымдастыру комитетінің болжамы бойынша, 6 ай ішінде көрмеге 15,5 млн келуші және 25,2 млн қаралым болады деп күтілуде. Бұл ретте келушілер қатарындағы шетелдік туристердің үлесі 70%-ды құрамақ.

Өзгелердің жаңалығы