«Астана Балет» Өзбекстанның Үлкен театрында өнер көрсетеді

9 Тамыз 2019, 01:22
1651
Бөлісу:
«Астана Балет» Өзбекстанның Үлкен театрында өнер көрсетеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Өзбекстандағы Қазақстан жылының» аясында танымал қазақстандық ұжымның әртістері өздерінің үздік қойылымдары мен спектакльдерін тарту етпекші. 22 тамызда Ә.Навои атындағы Өзбекстан Үлкен театрының сахнасында «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы мен «A FuegoLento» бір актілі балеті алғаш рет көрсетіледі, деп хабарлады «Астана Балет» театрының баспасөз қызметі.

Ал, тамыздың 24 мен 25 күндері А.Меликовтың «Махаббат туралы аңыз» атты әйгілі шығармасы көрсетіледі. Бұл балеттің Нұр-Сұлтандағы премьерасы зор қошеметпен қабылданды.

Ташкент қаласына алғашқы гастролін «Астана Балет» театры «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасымен ашпақшы. Театрымызды әйгілеп тұратын осы концерттік бағдарлама Қазақстан, Еуропа мен Американың ірі қалаларында көрермен ықыласына бөленген болатын. Себебі, мұнда ұлттық бояуы қанық халық биі ұлттық костюмдер мен музыкалық сүйемелдеумен үйлесім тапқан. Бұл дивертисмент Ұлы Даланың жылнамасына арналған, түрлі стильде жасалған хореографиялық миниатюралардан құралған.

Хореография салтанатының шымылдығын «A Fuego Lento» бір актілі балеті жабады. Неоклассика мәнерінде жасалған спектакльді Бразилядан шақырылған хореограф Рикардо Амаранте қойған. Бұл балет – бразилиялық самбо мен танго мәнеріндегі би ғажайыбы. Бұл қойылымды көрермендер де, балет әртістері де өте ұнатады. Себебі, мұнда құштарлық сезімі, орындаушылықтың зор шыңы көрініс тапқан. 

Гастрольдің қалған күндері аңызға айналған «Махаббат туралы аңыз» балеті көрсетілмек. Үш көріністен тұратын балет бастапқыда Мариин театрында көрсетіліп, соңынан Үлкен театр сахнасына ауысты. Қоюшы-хореограф Юрий Григорович. «Астана Балет» театрының сахнасына лайықтап, спектакльдің бүге-шүгесіне дейін, мейлінше дәл қойған Юрий Григоровичтің ассистенттері – Руслан Пронин мен Оксана Цветницкая. Бір кездері Үлкен театр салисттері болған олар осы күні әйгілі балетмейстердің туындыларын Ресей, Корея, Қытая, Германия мен Бельгияның әйгілі сахналарына лайықтап келеді.

Сюжет негізі – ежелгі парсы аңызы. Апалы-сіңілілі Мехменэ Бану мен Шырын сарай суретшісі Фархатқа ғашық болып қалады. Бозбаланың көңілі Шырынға ауып, Мехменэ Банумен арадағы қатынасы мүмкін болмайды.Себебі, бір кездері патшайым, сырқатқа шалдыққан сіңілісін аман алып қалу үшін сұлулығын тәрк еткен. Сарайдан қашып кеткен ғашықтарды сарбаздар қолға түсіреді. Фархат болса, халқының амандығы үшін махаббатынан бас тартады. 

Кордебалеттің орасан сахналары мен төрт бас кейіпкердің эмоционалды монологтарын орындаған «Астана балет» театрының әртістері осы танымал туындыға өз нақышын, өз бояуын сіңіріп, спектакльді жаңа қырынан ашады. Әуелеп секіру мен өзге де би элементтері адам мүмкіндігінің шегінде жасалғандай әсер қалдырады.

«Астана Балет» театры 2012 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. 2013 жылдың шілде айында алғашқы қойылым көрсетіліп, бес жыл ішінде, театр өз еліміз бен шетелдерде ынтызар көрермен қатарын молайтты. Классикалық мұраның жаңһарлары мен заманауи балет өнерін ұштастыра отырып, Театр ұлттық бидің де тың тынысын ашқандай. Астаналық ұжым Ресей, Қытай, АҚШ, Әзірбайжан, Франция, Италия, Белоруссия, Бельгия, Жапония мен Польшаның әйгілі театрларында өнер көрсеткен. «Астана Балет» театры өз елімізбен қатар, Ресей, Қытай, АҚШ, Әзірбайжан, Франция, Италия, Белоруссия, Бельгия, Жапония мен Польша сынды елдердің айтулы сахналарында бағдарламаларын паш етіп, көрермен көзайымына айналған.

Өзгелердің жаңалығы