«Ассамблея алдағы уақытта да өз нәтижелі жұмысын көрсете береді» – Геннадий Шиповских

Сенат депутаты Қазақстан халқының бірлігі күнінің маңызы туралы пікір білдірді.

 Г. Шиповскихтің жеке мұрағатынан Бүгiн 2026, 13:47
Бүгiн 2026, 13:47
128
Фото: Г. Шиповскихтің жеке мұрағатынан

Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеу, қазіргі тұрақсыз геосаяси ахуалды ескерсек, жаңа мәнге ие болып отыр. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповскихтің айтуынша, бүгінде шын мәнінде ең маңызды құндылық – алтын да, мұнай да емес, кез келген ел халқының тұтастығы. Мұны ел тұрғындары жақсы түсінеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақта “Бірлік бар жерде – тірлік бар” деген өте жақсы мақал бар. Менің ойымша, бұл мақал бірліктің қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді. Біз біріккенде ғана жеңілмейміз, – дейді сенатор.

Бұл сөзді, спикердің айтуынша, белгілі бір деңгейде бүкіл елдің ортақ ұраны деуге болады. Әсіресе, Қазақстан халқы Ассамблеясы отыз жыл бойы қоғамды ұйыстыру бағытында атқарған ауқымды жұмысты ескерсек, бұл орынды пікір. Бүгінде ол жаңа кезеңге қадам басып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған референдум мен конституциялық реформадан кейін елімізде жаңа дәуір басталды. Алда Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының үндесуі негізінде Қазақстан Халық кеңесі құрылып, Ассамблея өз нәтижелі жұмысын одан әрі жалғастырады, – деп атап өтті Геннадий Шиповских.

Сенатордың пікірінше, бүгінгі қазақстандық үшін бірлік – жай ғана сөз емес, сақтай білу қажет үлкен құндылық. Ол елдің әл-ауқатын арттырып, тұрақты әрі гүлденген болашаққа деген сенімді нығайтады. Осы орайда ол барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

Айта кетейік, Қазақстан халқының бірлігі күні мемлекеттік мереке ретінде 1996 жылдан бері атап өтіледі. Ол көпұлтты елімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің достығы мен келісімін, өзара құрметін білдіреді.

Наверх