Асқар Шәкіров Хельсинкидегі халықаралық кездесуге қатысты

26 Қыркүйек 2022, 11:03
831
Бөлісу:
Асқар Шәкіров Хельсинкидегі халықаралық кездесуге қатысты

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров Хельсинки қаласында өткен «Өзгеріс үстіндегі Еуропалық қауіпсіздік келбетіндегі ЕҚЫҰ және оның Парламенттік Ассамблеясының рөлі» тақырыбындағы халықаралық кездесуге қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуге қатысушылар қазіргі заманғы халықаралық күн тәртібіндегі ЕҚЫҰ-ның рөлі мен ұйымның өз әлеуетін іске асырудағы кедергілерге байланысты өзекті мәселелерді талқылады. ЕҚЫҰ-ның ішкі реформасына ерекше назар аударылды.

Бұл ұйымның 2025 жылғы мерейтойлық сессиясына дайындық кезеңі болып табылатын «Әрекетке шақыру - ­­­­­Хельсинки+50» процесін дамыту шарасы болып табылады. Сессияда болашақтағы еуропалық қауіпсіздік келбетінің көрінісі мен ондағы Парламенттік Ассамблеяның рөлін көрсететін қорытынды құжат қабылданады.

Осы процесс аясында Ассамблеяның жұмыс тобының құрамындағы Сенат Төрағасының орынбасары 2010 жылы қабылданған Астана декларациясының рөліне әріптестерінің назарын аударды. Дүрбелеңге толы геосаяси жағдайда да оның маңызы сақталып келеді және халықаралық қоғамдастықтың ЕҚЫҰ аймағында бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу жөніндегі күш-жігеріне зор үлес қосады.

Шараға ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының кеңейтілген Бюросының мүшелері, Финляндия Парламентінің депутаттары, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Өзгелердің жаңалығы