Асқар Мырзахметов өзіне жала жапқандарға жауап берді

29 Қараша 2022, 20:46
2528
Бөлісу:
Асқар Мырзахметов өзіне жала жапқандарға жауап берді

Бұл туралы Асқар Мырзахметов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Ит үреді..." деген нақылды ескеріп, мен туралы айтылған, жазылған жалаларға көңіл бөлмей келдім. Бірақ, қаралауды қара кәсіпке айналдырып алғандардың айтқандарына, жазғандарына, ақ-қарасын ажыратпай, қолдап, ауыр пікірлер жазатындар жоқ емес. Сол себептен, осы жазбаны жазуға тура келіп отыр. Жала жапқандарға жауап ретінде (олар онсызда өздерінің заңсыз іс- әрекеттерін жақсы біледі) немесе ақталу үшін емес, оқитын, көретін, пікір жазатын желі қолданушыларға шындықты жеткізу керек болды, - деп жазды Асқар Мырзахметов.

Сондай-ақ ол өзіне қарата айтылған айыптаулардың барлығы да жала екеніне бірнеше дәлел келтірді.

Біріншісі, Н.Айнабеков атты азаматтың айтып, жазып жүргендерінің жала екендігін келесілер дәлелдейді:

1). Шымкент қ. Еңбекші аудандық сотының 2021ж 14 қантардағы номері 5212-20-00-2/2359іс шешімімен "Н.Айнабеков Facebook парақшасында жарияланған ақпараттар шындыққа жанаспайды " деп танылған. Жалған мәліметтерді өшіру Н.Айнабековке сот шешімімен міндеттелген.

2).Шымкент қ. Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2022ж 28 қантардағы номері 5213-22-00-3/1035 заңды күшіне енген қаулысында - "Сотта Н.С.Айнабеков өзінің кінәсін мойындап, өкінетінін, ОҚО бұрынғы әкімі А.Мырзахметовтың қадір-қасиетіне нұқсан келетін, ар-намысына тиетін, көрінеу мәліметтер жазып, көпшілік алдына жариялағанын растап, істеген іс-әрекеті үшін кешірім сұрады "деп көрсетілген.

3) Н.Айнабековтің арызына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қ. бойынша Департаменті 2022ж сәуір айынан 2022ж 21қарашасына дейін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің материалдарын қарап, арызданушы айтып, жазып жүрген мәселелерінің біреуі де дәлелін таппағаннан кейін, істі тоқтату жөнінен Қаулы қабылдады. Істі тоқтату бойынша Қаулыны Шымкент қ. Прокуратурасы бекітті. (Жалпы, бұл мәселелер бойынша құқық қорғау органдарының қарағанына 10жыл болды. Егерде айтылғандар рас болса, әлде қашан тиісті шешімдер қабылданған болар еді.

Екіншісі, Б.Қаржан атты азамат "Алтынтөбе " ЖШС жеріне қатысты 2011ж Қазығұрт ауданы қаулыны дұрыс қабылдамағанын маған меңзеп жазғаны да қисынға келмейді. Себебі, "Алтынтөбе" ЖШС 100% акциясы "Оңтүстік "ӘКК Үкіметтің(!) 2007ж Қаулысымен берілген. Ал, ауданның шешімі осы Үкіметтің қаулысын орындау мақсатында қабылданған. Ең басты, мен ӘКК жұмыс жасағанымда 1га жер түгіл 1шаршы метр жер қолды болған емес. Керісінше, ол жерлерді сақтап қалуға жұмыс жасадық. Оны бәрі біледі. Осы сәтті пайдалана отырып, мен туралы жазылған, айтылған "айыптарға" күмәнмен қарап, "біз білетін Мырзахметов болса, мүмкін емес" деп пікір білдірген, қолдаған, маған сенетін азаматтарға алғысымды да айттым келеді. Ойға келгенді ойланбай, ауызға келгенді айта салудан абай болайық, ағайын, - деді ол.

Асқар Мырзахметов мұндай бассыздыққа жол бермеу үшін қатаң заң қабылдау қажеттінін айтты. 

Дәлелсіз жала жабуды тоқтату үшін, интернет, желілерді қолданушылардың жауапкершілігін қатаң қарайтын, тиісті тосқауыл қоятын заң талаптарын қабылдау қажет! Келе берді, бұл еліміздің бірлігіне де, мәдениетіне де қатысты, - дейді Асқар Мырзахметов.

Өзгелердің жаңалығы