Алматы, BAQ тілшісі. «Аспантау асқан үркін көш» кітабында көптеген ашылмаған сырлар бар, сондай-ақ 20-ғасырдың ортасындағы қазақтың ұлт-азаттық күресінің бір бейнесін айқындайтын, қазаққа деген үлкен ілтипатпен жазылған дүние. Бұл туралы саясаттанушы Айдос Сарым аталған кітаптың таныстырылымы кезінде айтты.
Оның айтуынша, бұл кітапта 20-ғасырдың басындағы қазақтың басына түскен үлкен қиямет-қайымын, тағдырлы астарын ашып беретін дүниелер көп.
«Кітапта Қытайда жүрген қазақ ағайындардың ұлт-азаттық күресі және қытай партиясының оны басып-жаншуы, Советтік үкіметтің бірнеше рет жасаған сатқындығы да баяндалады. Жалпы үлкен көш жайлы біраз дүниелер бұған дейін жазылған, қазір де жарияланып жатыр. Дегенмен, бұл сол кезде ағылшын тілінде әлемге таралуымен құнды. Кезінде Түркияға келген азаматтарды бірінші болып қарсы алған шетелдіктердің бірі осы кітаптағы материалдарды «The Times» сияқты газеттерге жариялап, сол кездегі қазақтың тағдырын әлемге жеткізген»,-дейді ол.
Сонымен қатар ол, кітапта бірнеше шетелдіктің есімі аталатындығын, ағылшындар мен АҚШ-тың елшілігі сол кездегі қазақтың мәселесіне жіті араласқандығын айтып өтті.
«Сол кездегі АҚШ-тың консулы Марк Кевин деген азамат шетелге ауған қазақтарға қол ұшын берген. Сондай-ақ кітапта қазақтар Үндістанға келген кезде артындағы қытайдың қарулы әскері жақындап қалғаны, содан шекарада тұрған үндінің офицерлері бастаған жауынгерлер оларды қорғағаны айтылады. Дегенмен ол офицерлердің кім екені айтылмайды, сондықтан осындай қилы кезеңде қазаққа қол ұшын берген шетелдік азаматтар жайлы да біраз мағлұматтар іздеу керек»,-дейді А. Сарым.
Сөз арасында ол, Шыңжаңдағы қазақ мектептерінде ағылшын тілі оқытылғаны да кітапта баяндалғанын жеткізді.
«Кітапта бүгінгі күнге қажетті сабақтар бар, мәселен Оспантануды жалпы қазақтық деңгейге шығару. Ол ұлт-азаттық көтерілістің ең үлкен шарықтау шегінің бірі. Оны ру-руға, аймаққа бөлетін жөніміз жоқ. Бірнеше жылдан соң Оспан батырдың 125-жылдығы болады, соған жақсы дайындалып, кино түсіретін болсақ, ол қазақтың рухын оятатын, ой салатын дүние болар еді», - деді ол.
Еске салсақ, кеше Алматыда «Аспантау асқан үркін көш» кітабының орыс және қазақ тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесер рәсімі өткен еді. 1956 жылы Лондонда жарық көрген бұл кітаптың авторы ағылшын тарихшысы Годфри Лайас. Оны орыс және қазақ тіліне аударған AmalBooks баспасының негізін қалаушы Бақытжан Бұқарбай.