Әскерилер үшін жаңартылған тұрғын үй бағдарламасы бойынша алғашқы несие берілді

6 Мамыр 2019, 17:22
2479
Бөлісу:
Әскерилер үшін жаңартылған тұрғын үй бағдарламасы бойынша алғашқы несие берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда тұрғын капитан Әмина Әшенова «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жаңартылған бағдарламасының арқасында өзінің үш бөлмелі пәтеріне қол жеткізді. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.   

Бұған дейін жаңартылған "әскери өнім" бағдарламасының шарттарын асыға күткен бұл отбасы екі баласымен қоса жалдамалы пәтерде тұрып келген. 

Әмина Әшенова несие алу үшін өтінімді тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған алғашқы күннен, яғни, 2019 жылдың 2 мамырында берді. Осылайша, өз баспанасына қол жеткізген қоныс иесін бүгін Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ("Бәйтерек" xолдингінің еншілек ұйымы) басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мен ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі құттықтады.  

«Бұған дейін мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үй төлемдерін жалдамалы пәтерді төлеу үшін жұмсайтынбыз. Енді біз оларды өз баспанамыздың несиесін өтеу үшін пайдаланатын боламыз. Қаражатты бөтен пәтерге емес, өз үйіміз үшін төлейтіндігімізді ойласақ, көңіліміз жылып қоя береді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің осы бағдарламасы арқылы енді әскери қызметкерлердің баспана мәселесін шешу мүмкіндігіне ие болғаны бәрімізді қатты қуантады», - деді Әмина. 

Өз пәтеріне қол жеткізу үшін несиені қоныс иесі жаңа шарттар бойынша алды. Яғни, заем мөлшерлемесі жылдық 8%-ға тең. Ал ең төменгі бастапқы жарна заем сомасының 15%-ын құрайды. 

Дәл осындай бағдарлама шарттарын мемлекеттен тұрғын үй төлемдерін алатын барлық әскери қызметкер пайдалана алады. Ол үшін олардың конкурсқа қатысып, оның нәтижесін күтудің еш қажеті жоқ. Тек өзі қалаған пәтерді таңдап, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне xабарласса жеткілікті.  

«Әскери өнім» бағдарламасын іске қосқан алғашқы күні несие алуға өтінім бергендердің 70%-ы әскери болды. Бұл олар үшін тұрғын үй бағдарламасының қаншалықты маңызды екендігінің дәлелі. Осы жылы біз әскери ведомство қызметкерлерінің пікірлерін ескере отырып, несие беру шарттарын барынша жеңілдеттік. Отан қорғаушылар күні қарсаңында олардың барлығының жақын арада қоныс тойын атап өтулеріне шын жүректен тілектеспін. Өйткені басында өз баспанаң болса, қалған істі жасау оңай», - деп атап өтті Ләззат Ибрагимова. 

Сонымен қатар, ол қоныс тойымен Ерлан Скендировты да құттықтады. Ұлттық гвардияның әскери қызметкері осы бағдарлама арқылы астананың шет жағынан жеке үй сатып алды. 

«Әскери өнім» бағдарламасының жаңа шарттары бойынша тұрғын үй таңдау барысында шектеулер қойылмаған. Яғни, несиені жаңа салынған үйден пәтер таңдауға, үлестік құрылысқа қатысуға немесе қайталама нарықтан баспана сатып алу мақсатында алуға болады. Үй сатып алу кезінде заем сомасына оның жөндеу жұмыстарына кететін шығындарды да қосуға болады. 

«Әскери өнім» бойынша несие сомасы тұрғын үй мөлшерінің көлеміне байланысты есептелінеді.  Яғни, тұрғын үй төлемі жеткіліксіз болған жағдайда, онда әскери қызметкердің айлық жалақысы қарастырылады, немесе қосалқы қарыз алушының көмегіне жүгінуге де болады.


Өзгелердің жаңалығы