Әскери зейнеткерлер баспаналы болды

25 Наурыз 2021, 20:05
1958
Бөлісу:
Әскери зейнеткерлер баспаналы болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Он жылдан жиырма жылға дейін еңбек өтілі бар 300-ден астам әскери қызметші Қазақстанның түрлі өңірлерінде жылжымайтын мүліктің меншік иесі бола отырып, қызметтік тұрғын үйді айырбастау тетігін пайдаланды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскери қызметте күнтізбелік есеппен кемінде жиырма жыл қызмет етіп босатылған әскери қызметшілердің тұрғын үйді жекешелендіруге немесе ақшалай өтемақы алуға құқығы бар.

Сонымен қатар, осы мерзімнен аз қызмет еткен әскери қызметшілер де бар. Олардың тұрғын үйді жекешелендіру орнына ақшалай өтемақы алуға құқығы жоқ, сонымен қатар оны өтеусіз негізде ала алмайды. Заң бойынша әскери қалашықтың аумағында орналасқан қызметтік пәтерді жекешелендіруге болмайды.

Тұрғын үй заңнамасына енгізілген түзетулер жұмыстан шығарылған адамдарға қызметтік тұрғын үйді әрі қарай жекешелендіру арқылы, мемлекеттік тұрғын үй қорынан басқа тұрғын үйге айырбастауға мүмкіндік береді.

Қорғаныс министрлігінің балансында Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа қалаларда 236 пәтер бар. Бұл заң қызмет мерзімі жеткіліксіз бұрынғы әскери қызметшілерге тұрғын үйді ауыстыру құқығын пайдалануға мүмкіндік береді. Сіз пәтерді қалдық құны бойынша сатып ала аласыз. Бастапқы төлем ретінде 30% салым, ал қалған соманы он жылға пайызсыз бөліп төлеу қарастырылған, – деп түсіндірді Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасының аға офицері әділет майоры Дәуренбек Жұмабек.

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында қалдық құны үш миллионнан жеті миллион теңгеге дейінгі 34 пәтер айырбастауға ұсынылды. Мысалы, ауданы 31,5 шаршы метр, құны 3 млн 300 мың теңгені құрайтын бір бөлмелі пәтерді сатып алу үшін бастапқы жарна ретінде 990 мың теңге төлеу қажет. Қалған 2 млн 310 мың теңге он жыл ішінде төленеді. Ай сайынғы төлем 19 250 теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта жүздеген адам осы механизм арқылы тұрғын үй сатып алудың жолдары мен мүмкіндіктерін қарастыруда. Бұл ретте Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен деген мәртебе берілген адамдар осы ауыстырудан кейін пәтерлерін ақысыз меншігіне айналдыра алады.

Алматы облысына қарасты Жетіген ауылында қызмет еткен және әскери қалашықта тұрған запастағы кіші сержант Бақтыгүл Сыдықова Нұр-Сұлтан қаласында бір бөлмелі пәтерге ие болды. Бүгінде ол – Елорда тұрғыны.

Заңға енгізілген өзгерістерден кейін аудандық пайдалану бөлімінің өкілдері маған толық түсініктеме берді. Ауыстыруға қатысты барлық мәселелер жедел жасалды. Менің жеке пәтерім, басымда баспанам барына қуаныштымын, – деп Бақтыгүл Сыдықова жағымды жаңалықпен бөлісті.

Қарулы Күштердің Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасы әскери қалашықтардағы тұрғын үйлерді республиканың басқа өңірлерінен пәтерлерге айырбастау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Ведомствоның тұрғын үй қоры туралы барлық ақпарат Қорғаныс министрлігінің ресми сайтындағы «Тұрғын үймен қамтамасыз ету» бөлімінде орналастырылған.

Өзгелердің жаңалығы