Әскери сала. Намыстан жаралған қазақ қыздары

6 Наурыз 2023, 15:54
3189
Бөлісу:
Әскери сала. Намыстан жаралған қазақ қыздары
PHOTO
Фото: BAQ.KZ

Қазақ даласына көктем келді. Гүл көктем. Жер-Ана бусанып, өмірдің қайта түлеп, қайта өрлеп гүлдеген шағы. Осы бір керемет шақта, араға жыл салып көңілімізге медеу берген керемет бір мерекенің келіп жететіні. Ол халықаралық әйелдер мерекесі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі әңгіме өзімізбен қатар жүріп, нәзік иықтарымен ауыр салмақты – Отанды қорғау жүгін арқалап жүрген батыл жүректі қарлығыштар, әпке-қарындастар жайлы айтылмақ. Иә, әйелдер қоғамның бар саласында еңбек етеді десек те, оның ішінде олардың аз қамтылған саласы да болады. Оның бірі ерге енші болған – әскери қызмет. Кейбіреулер әскери сала қыз балаға қол емес деп жатады. Ол да әскери ортадағы ерекше талаптарға, кейде әйел тұрмақ еркектің де шыдас бермес, қиындығынан айтылған сөз де шығар. Әскери қызмет ауыр жол, салмақты міндет. Оның ыстық-суығына күйіп, темірдей тәртіпке көніп, онымен қоса отбасы мен қызметті қоса алып жүру айтқанға ғана жеңіл. Сондықтан да осы салада жүрген әпке-қарындастарымызға ерекше ілтипатпен қарайтынымыз да шындық. 

Әскери сала. Намыстан жаралған қазақ қыздары

«Қызметім тәртіпке, тәртіпті әулиедей сыйлауға үйретті»

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қызмет атқаратын капитан Бахира Әділбекованың осы саладағы өрімді еңбегі 24 жылға жуықтаған. Кезінде Алматы қаласының ІІМ Академиясын тәмамдаған аруға «өміріңіздің әскери салаға бұрылып, осылай тағдыр үкімінің бұйырғанына қалай қарайсыз, өкініш-өкпеңіз жоқ па?» деген сауалымызға бірауыздан «жоқ» деп жауап берді. 

Әскери сала. Намыстан жаралған қазақ қыздары

Адамға жас күнінде өмір жолы ұзақтай көрінері рас. Бірақ ғұмырыңның орта жалына жеткенде оның олай емес екенін еріксіз аңғарып, «қамшының сабындай болған жалғанның» шындық екен оймен пайымдайсың. Осы уақытқа дейінгі өмірім де көзді ашып жұмғанымдай өте шығыпты. Саналы өмірімді әскери қызметке арнағанымды тағдырдың маған ең әуелгі берген сыйы деп білемін. Иә, алғаш әскери салаға келуге әуелде жүрексінгенім де рас. Кейін келе-келе барлығына үйрендім. Саптық дайындыққа да, тапаншадан, автоматтан қару атуға да. Ең бастысы қызметім тәртіпке, тәртіпті әулиедей сыйлауға үйретті. Әскери адам қашан да жинақы жүріп, епті де жылдам қимылдайды ғой. Бұл да маған қызметтен енген қасиет болды, - дейді капитан Бахира Әділбекова. 

Әскери сала. Намыстан жаралған қазақ қыздары

«Қазақ қыздары намыстан жаралған»

Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтың қаржы бөлімінің аға офицері майор Баян Молдабаева мен 5571 әскери бөліміндегі қаржы қызметінің офицері сержант Гүлжан Баймұханованың еңбек жүгінің маңызын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені, мына заманда барлық мәселе де қаржы-қаражаттың игерілуіне, төлемдердің уақытылы атқарылуына тірелетінін ескерсек, онда есепші қыздардың жұмыстары да қат-қабат-ақ. Онымен қоса нәзік жандылардың жауынгерлік дайындықтары да жоғары болуы керек, әскери тәртіп соны талап етеді. 

Әскери сала. Намыстан жаралған қазақ қыздары

Қыз бала болсам да, жас кезімнен өр өстім. Содан болар есейгенде әскери қызметке есім кетіп, арманыма айналды. Іште ойлағаның не болса, өмірде жүзеге асады деп жатады ғой, ақыры әскери салаға келдім. Қазір міне 22 жыл Отан деп, ел деп қызмет етіп жатқан жайым бар. Абай атамыз айтпақшы, дүниенің бір бөлшегіне кірпіш болып қаланып, егемен елдің еңсесін биіктетуге қызмет атқарудан артық мәртебе жоқ, - дейді майор Баян Молдабаева.

Сержант Гүлжан Баймұханова да үш баланың анасы. Қызметіне берік жан. Отағасы да әскери қызметте, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сержанты лауазымындағы прапорщик Ермек Баймұханов екеуі қызметте де, отбасында да жұптары ажырамаған, жарасты отбасы. Екеуі бірі білгенін екіншісіне үйретіп, әскери қызметке, шынын айтқанда отбасы болып шыңдалып, қызметтің ыстық-суығын тең өткеріп келе жатқан жайы бар.

Әскери сала. Намыстан жаралған қазақ қыздары

Қазақ қыздары намыстан жаралған. Қай тарихты алып қарасаңыз да солай. Олар басқа елдің күңі болып кетпеген, ары мен намысын жоғары қойып, ерінің, елінің амандығын тілеген. Ал Қызай ана, Домалақ ана сияқты бір әулетке ғана емес, дүйім елге ұран болған аналарымыз жетерлік. Отбасы тәрбиесі дегенде әйелдердің қай кезде де орны ерекше, - дейді Гүлжан Баймұханова.

Әскери сала. Намыстан жаралған қазақ қыздары

«Әскери сала сен әйелсің, сен еркексің деп бөлмейді»

Подполковник Әсия Қалиева да үлгілі қызметімен көзге түскен ару жанның бірі. Үш баланың анасы сонау 1999 жылдан бастап құқық қорғау саласында еңбек етеді. Қазір өңірлік қолбасшылықтың кадр бөлімінің офицері. 

Әскери сала. Намыстан жаралған қазақ қыздары

Әр қызметтің өз қыр-сыры, ерекшелігі болады ғой. Әскери қызмет аса жауапты жүк арқалаған сала. Мұнда сен әйелсің, сен еркексің деп бөлмейді. Бәрі қару ұстаған Отан қорғаушылар. Сондықтан да бәріне дайын болуың керек. Қару ату, жекпе-жек ұрыс тәсілдері, жедел шешім қабылдау, ең аяғы ішкі түйсігіңді суыққанды басқарып, батыл жүректі болу керек деген сияқты. Адам бәрін туа сала үйренбейді. Ептеп-ептеп, ынта, тілегімен бойына дамытады. Сондықтан да ең бастысы бұл салаға да басты қажеті ынта. Менің ынтам болды, ауыр болса да үйреніп мінеки подполковник шеніне дейін жетіп отырған жайым бар, - дейді подполковник. 

Қорыта айтқанда, қысылтаяң сәтте батылдығымен ерден озып, мәңгілік бейнесі ерліктің символына айналған Әлия мен Мәншүктей қазақ қыздары ұлтымыздың айбынын асырып тұрған жоқ па. Иә, ол аналарымызды пір тұтқан, намыстан жаралған аруларымыз қазақта жетерлік. Біз олардың бір парасын ғана тілге тиек еттік. Осы орайлы сәтті пайдаланып, оларды мерекелерімен құттықтап, отбасыларына ырыс, қызметтеріне табыс тіледік. Мерейлеріңіз өсе берсін асыл арулар!   

Өзгелердің жаңалығы