Әскери қызметшілер Пәкістандағы әскери жарысқа қатысып жатыр

26 Ақпан 2024, 19:15
375
Бөлісу:
Әскери қызметшілер Пәкістандағы әскери жарысқа қатысып жатыр
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің әскери қызметшілері «Пәкістан армиясының командалық рухы-2024» халықаралық жарысына қатысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Пәкістанның астанасы Исламабадтың жанындағы ежелгі Равалпинди қаласында әскерлер сайысы өтуде. Аталмыш жарыста Қазақстан Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің әскери бөлімдерінен 12 әскери қызметші бағын сынауда.

Әскери-спорттық турнирдің кезеңдеріне «қарсыластың нысанын анықтау», «тосқауылдағы іс-қимыл» «артиллерия атысын реттеу», «жедел медициналық көмек көрсету және жаралыларды тасымалдау», «учаскені минадан тазарту» және «түнде су бөгеттерін еңсеру» кіреді.

Қарсыластар Калашников автоматынан ату дағдыларын да көрсетеді. Одан басқа маршруттың жылдам өту мүмкіндігі мен тапсырмаларды пысықтау сапасы, яғни нәтижесі ескерілетін болады.

Кезеңдердің сәтті орындалуы бөлімшелер құрамындағы әскери қызметшілердің күш-қуаты және тактикалық дайындық деңгейіне байланысты. Іс-әрекеттің үйлесімділігі, төзімділік және командалық рух жеңіске жету жолында шешуші рөл атқармақ.

«Пәкістан армиясының командалық рухы-2024» халықаралық жарыстары 2016 жылдан бастап тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жолы жарысқа Бахрейн, Йордания, Ирак, Қазақстан, Катар, Сауд Арабиясы Корольдігі, Мальдив, Марокко, Пәкістан, АҚШ, Тайланд, Түркия, Өзбекстан және Шри-Ланка әскери қызметшілері қатысуда.

Өзгелердің жаңалығы