Әскери психологтар кәсіби деңгейін жетілдіруде

6 Ақпан 2022, 11:58
2343
Бөлісу:
Әскери психологтар кәсіби деңгейін жетілдіруде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында Қарулы Күштердің психологтарымен оқу-әдістемелік жиыны өтті.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әскери психология – әскери қызметшілердің жауынгерлік іс-қимылға қажетті ерекшеліктері мен қасиеттерін қалыптастыру мен сақтаудың маңызды тетігі. Қарулы Күштерде басқару органдарындың бөлімшелерінде, әскери бөлімдер мен батальондарында психологтарды қамтитын психологиялық қызмет жұмыс істейді.

Жиынның басты мақсаты – қиын жағдайға тап болған әскери қызметшілерге көмек көрсетуде психологиялық жұмысты ұйымдастырудың бірыңғай тәсілін әзірлеу. Іс-шара әскери психологтарды әскери ахуал факторларынан туындаған жеке құрам арасындағы психогендік бұзылуларға байланысты жұмыс әдістемесін оқытуға баса назар аударылды.

Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаевтың басшылығымен өткен іс-шараға Қарулы Күштердің 200-ден астам психологы қатысты.

Алматы қаласының жетекші оқу орындары мен жергілікті атқарушы органдарынан шақырылған мамандар шеберлік сабақтарын өткізді.

Қатысушылар тәжірибе алмасып, тренингтер барысында стресстік жағдайлардағы психологиялық өзін-өзі реттеу тәсілдеріне, жауынгерлік жағдайларда психологиялық көмек көрсетуге және әскери қызметшілерді психологиялық оңалту жұмысына машықтанды.

Жиын барысында Қарулы Күштер қатарына әскерге шақыру кезінде азаматтарды сапалы іріктеу мәселелерін талқылауға да ерекше назар аударылды.

Аталған шара ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери қызметшілердің моральдық рухын сақтауды қамтамасыз ету, мерзімді әскери қызметтің беделі мен қызығушылығын арттыру тапсырмаларын іске асыру аясында өтті. Жүктелген міндеттерді шешуде әскери психологтардың атқаратын рөлі маңызды.

Өзгелердің жаңалығы