Әскери қызметкерлерді баспанамен қамту тәртібі өзгереді

6 Желтоқсан 2021, 17:27
971
Бөлісу:
Әскери қызметкерлерді баспанамен қамту тәртібі өзгереді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігі әзірлеген тұрғын үй қатынастары бойынша заңнамалық өзгерістер Парламентте қаралып жатыр, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Заңға түзетулер енгізуді қажет ететін негізгі тармақ – тұрғын үйді қалдық құны бойынша жекешелендіру. Бұл өзгертулер еңбек өтілі 10 жылдан асқан әскери қызметшілерге қалдық құнына сәйкес жекешелендіруге жататын тұрғын үйді өз меншігіне ресімдеуге мүмкіндік береді», – деді Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов.

Бұған дейін әскери қызметшілер 2013 жылғы 1 қаңтарда әскери қызметтегі өтілі 10 жыл, не одан да көп, сондай-ақ еңбек өтілі жоқ әскери қызметшілер болып екі санатқа бөлінді. Тұрғын үйді қалдық құны бойынша тек бірінші санаттағы әскери қызметшілер ғана жекешелендірді. Заңның жаңа редакциясында 2013 жылғы 1 қаңтарға байланыстыру алынып тасталды.

Бірқатар түзетулер мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған әскери қызметшілерге қатысты. Олардың 10 және одан да көп жыл әскери қызмет атқарғандарға тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығын беру ұсынылады.

Заңға енгізілген түзету қатарында «Модульдік мобильді тұрғын үй» ұғымын бекіту де бар. Тұрғын үй жетіспейтін, оны жалға алу мүмкіндігі жоқ гарнизондардағы жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда жылжымалы тұрғын үйлерді орнату жоспарланып отыр.

Өзгерістерді  қажет ететін тағы бір маңызды мәселе – жекешелендіру құқығының ауысуы. Қорғаныс министрлігі заңнамаға енгізуді ұсынып отырған түзетулер әскери қызметші қайтыс болған жағдайда, оның ішінде Қарулы Күштерден шығарылғаннан кейін де тұрғын үйді жекешелендірудегі іске асырылмаған құқықты оның отбасы мүшелеріне беруді қарастырады.

Тұрғын үй заңнамасына енгізілген жаңа ережелер әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге және Қазақстан армиясындағы әскери қызметтің болмысын нығайтуға бағытталған, – деді Қорғаныс министрлігі.

Өзгелердің жаңалығы