Қазақстан Қорғаныс министрлігі 27 мен 50 жас аралығындағы әскери борышын өтемеген ер азаматтарды әскери даярлықтан өткізу туралы ұсынысқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабековтің айтуынша, бұған дейін айтылған бастама министрліктің ресми ұстанымы болып саналмайды және заңнамада бекітілмеген.
Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілі мемлекеттік қызметші ретінде өз ұсынысын айтты. Болашақта азаматтарды қамту мен даярлаудың түрлі нұсқаларын қарастыруға болады. Алайда қазіргі таңда бұл мәселе заңдарда қарастырылмаған, – деді Мұстабеков брифинг барысында.
Ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес қайта даярлауға тек әскери дайындықтан өткен азаматтар ғана тартылатынын атап өтті.
Егер азамат әскери қызмет өткермеген болса, ол қайта даярлауға жатпайды. Қайта даярлаудан мерзімді әскери қызметті немесе офицерлік қызметті өткерген әскери міндеттілер өтеді. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін олар Қарулы күштер қатарында қайта даярлыққа шақырылуы мүмкін, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Осылайша, қазіргі уақытта мерзімді әскери қызмет өтемеген ер азаматтарды міндетті әскери даярлықтан өткізу мәселесі Қорғаныс министрлігі тарапынан қолданыстағы норма ретінде қарастырылып отырған жоқ.