Әскердегі сарбазға мәжбүрлеп, несие алғызатыны рас па? - Қорғаныс министрлігі жауап берді

3 Қараша 2023, 16:37
1961
Бөлісу:
Әскердегі сарбазға мәжбүрлеп, несие алғызатыны рас па? - Қорғаныс министрлігі жауап берді
Фото: Арман Мухатов - архив

Қорғаныс министрлігі Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Стамбековтың мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді кредит алуға мәжбүрлеу туралы сөзіне қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұған дейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген депутат Ерлан Стамбеков сарбазға әскери міндетін өтеп жүргенде мәжбүрлеп кредит алғызу фактілері бар екенін айтқан болатын.

Әскери қызметшілерге келсек, кредит алуға мораторий енгізуді ұсынамыз. Бұл жерде мәселе сарбаздарға қатысты болып отыр. Яғни, біз мерзімді қызмет сарбаздарына несие беруге толық тыйым салғымыз келеді. Неге? Сарбазға әскери міндетін өтеп жүргенде мәжбүрлеп кредит алғызу фактілері бар. Біз әскер сарбаздарды тиісті деңгейде қамтып отыр деп сенеміз. Сондықтан олардың кредит алуына негіз жоқ, - деді депутат.

Министрлік заң шығарушы билік өкілінің мәлімдемесі негізсіз және шындыққа жанаспайтынын мәлім етті. Мерзімді қызметтегі сарбаздардың әскери қызмет өткеру кезеңінде әскери бөлімде жүріп несие ресімдеуге мүмкіндігі жоқ. 

Бүгінгі таңда мерзімді әскери қызметке шақырылғанға дейін жастардың алған несиесі қомақты соманы құрайды. Қарулы Күштер қатарына келгенге дейін 12 мыңға жуық сарбаздың екінші деңгейдегі банктер мен микрокредиттік ұйымдарда 4,8 млрд теңге көлеміндегі 30 мыңға жуық несиесі болған. Барлық несиелер мен ақшалай қарыздарды кейінге қалдыру мәселелерін шешу үшін Қорғаныс министрлігі мерзімді қызметтегі сарбаздарға арналған «кредиттік демалыс» жобасына бастамашылық жасап, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісім жасасты. Соның арқасында бүгінде бес мыңнан астам сарбаздың екінші деңгейдегі банктерде және микрокредиттік ұйымдарда 1,4 млрд теңгеден астам қарызы кейінге қалдырылды. Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде, - делінген хабарламада.

Ведомство мұндай мәлімдемені жауапсыздық деп есептейтінін, әрі Қарулы Күштердің имиджіне едәуір әсер ететінін айтты.

Қарулы Күштер мемлекеттің аумақтық тұтастығының және оның егемендігін қорғаудың кепілі ретінде кез келген сәтте Қазақстан халқы мен оның аумағын сыртқы қауіп-қатерден қорғауға дайын. Айта кету керек, фактілермен расталмаған мәлімдемелер Қарулы Күштердің имиджіне едәуір әсер етіп, армияның беделін түсіреді. Біз мұндай жариялы түрде жасалған мәлімдемені жауапсыздық деп есептейміз, - делінген министрліктің хабарламасында.

Бүгінгі таңда Қорғаныс министрлігімен әскери қызметті қолайлы өткеру үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Қазір мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне борышын өтеу уақытында несиелік демалыстар беріледі. Одан бөлек мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтардың еліміздің жоғары оқу орындарында ҰБТ тапсырмай-ақ тегін және ақылы негізде оқуға құқығы бар. Бұл мәселе бүгінде мүдделі мемлекеттік органдармен оқуға мемлекеттік гранттар беру деңгейінде пысықталып жатыр. 

Қорғаныс министрлігі әскердегі «әлімжеттік» туралы да түсініктеме беріп өтті. 

«Әлімжеттік» терминіне қатысты, бүгінгі күні әскери ортада бұл жағымсыз құбылыстың жоқ екенін айтамыз. ҚР Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарында мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер үшін қызмет мерзімі - бір жыл. Бұл ретте әскери міндеттерді орындау кезінде аға және кіші буындағы борышын өтеп жүрген әскерилер бір-бірімен тоғыспайды. Барлық факті бойынша қандай да бір құқық бұзушылық орын алса, әскери полиция және басқа да қылмыстық қудалау органдары жедел тексерулер мен тергеулер жүргізеді. Ал оқиғаның заңды не заңсыз екенін бақылауды Әскери прокуратура жүзеге асырады, - делінген ведомство хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы