Әскер әйел адамға екі есе ауыртпашылықты жүктейді - сержант Ұлпан

8 Наурыз 2023, 09:55
1366
Бөлісу:
Әскер әйел адамға екі есе ауыртпашылықты жүктейді - сержант Ұлпан
Фото: egemen.kz

Шұғылалы көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық Әйелдер күні мерекесі қарсаңында барша нәзік жандылар айналасына жайма-шуақ сәулелерін төгіп, көңілге қуаныш ұялатып, ерекше сезімге бөлейтіні рас, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Осы тұста, құқықтық тәртіп әскерлерінің де нәзік жанды арулары ерлермен бірге иық тіресе, Отанына адал қызмет етіп жатыр.

Сондай арудың бірі – Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында Құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасының құпия іс-жүргізу бөлімінің іс жүргізушісі сержант Ұлпан Иманғалиева. 

Ұлпан Иманғалиева Ұлттық ұлан сапында 2006 жылдан бері қызмет атқарып келе жатыр. Оның әскери өмірі Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде жауапты маман лауазымынан басталған. Әскердің барлық қыр-сырын танытып, әскери өмірге бейімделуіне сол кездегі 6655 әскери бөлімінің командирі полковник Н. Міртаевтың көмегі, ақылы көп көмегін тигізгенін айтып өтті кейіпкеріміз. 

Еңбек жолын аталмыш әскери бөлімнің жауапты маманы (іс жүргізушісі) қызметінен бастайды. Бір жылдан соң, яғни 2007 жылы Ұлпан Нұрланқызы Астана қаласындағы ол кездегі Ішкі әскер Комитетінің Хатшылық басқармасының Мұрағат бөліміне жауапты орындаушы қызметіне ауысып келеді. Қызметке қабылдаған полковник А. Жәкішев пен оның орынбасары полковник М. Шамсивалиев Ұлпан Нұрланқызының әскери өмірге бейімделуіне көп көмегін тигізген. 2007 жылы Мұрағат бөлімінің бастығы майор Махаббат Бүгібаеваның (қазіргі таңда зейнеткерлік демалыста) қарамағында жұмыс істеп, ол кісіден көп тәлім-тәрбие алады. Махаббат Қайырбекқызы әскери Жарғыларды, әскери тәртіпті, Мұрағат бөлімінің жұмыстарының жүргізілуін, құжаттармен қалай жұмыс істеу керегін кеңінен айтып, түсіндіріп, ақыл-кеңестері әлі күнге дейін Ұлпанның есінде.

«Әскер қатарында өзімді бақытты жанмын деп есептеймін»

Менің Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарғаныма 17 жылдан астам уақыт болыпты. Уақыт – жүйрік! Кеше ғана арман қуып, Астана қаласына келіп жатқаным есімде. Мен бала күнімде дәрігер болуды армандайтынмын, ақ халат киіп, адамдарды емдесем деген ойым болған болатын. Бірақ өсе келе ол арманым басқа арнаға ауысып, әскери жолды таңдадым. Бірақ менде ешқандай өкініш жоқ. Керісінше, Ұлттық ұланда қызмет атқарғанымды мақтан етемін. Себебі әскери киімнің өзі адамды жинақылыққа, ұқыптылыққа тәрбиелесе, әскер – әйел адамға екі есе ауыртпашылықты жүктейді. Отбасы ошақ қасыңмен бірге, Отан үшін қабылдаған Антыңа адал болу керектігін де жүрегіңмен сезінесің. Сондықтан мен құқықтық тәртіп әскері қатарында өзімді бақытты жанмын деп есептеймін, – деп ойын бөлісті. 

Ұлпан Нұрланқызы Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кентінде 1978 жылдың 9 қарашасында дүниеге келген. Үлкен ата-әжесінің қолында тәрбие алып, сол кісілердің өсиет-өнегелерін құлағына құйып өскен. Атасы Сиян Иманғалиев Шұбарқұдық ауданының білікті прокуроры болып, қызмет атқарған. Ал әкесі Нұрлан Шандыбайұлы аудандық тұтынушылар одағының бастығы болып қызмет етсе, анасы Күләш Бақытқызы мектепте көп жыл ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеген. «Жыл мұғалімі» атағының иегері. Кейіпкеріміз Шұбарқұдық кентіндегі №1 қазақ орта мектебін жақсыға аяқтап, Ақтөбе қаласындағы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің Құжаттама және архив ісі факультетін тәмамдаған. Ұқыптылық пен тиянақтылықты жаны сүйетін Ұлпан Нұрланқызы қызметіне де асқан жауапкершілікпен қарайтын жан, өз ісінің білгірі. Сол жауаптылығының арқасында Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы тарапынан марапаттарға ие болған жауапты маман. 

Ата-анасы отбасында бес бала тәрбиелеп отыр. Ұлпан Нұрланқызы отбасының ортаншысы болса, үлкен екі әпкесі және артынан ерген сіңлісі мен жалғыз бауыры Бекнұр бар. Олардың барлығы өз шаңырақтарының түтінін түзу түтетіп отырған жандар. Үлкен әпкесі Айгүл Шұбарқұдық ауданының Ж. Кереев атындағы мектептің директоры болса, одан кейінгі бауыры – Лаура аудандық жұмыссыздарды қамтамасыз ету бөлімінің есепшісі және сіңілсі Жанна – аудандық мәслихаттың бас маманы қызметінде, ал кіші бауыры Бекнұр мұнай саласында қызмет атқарып жатыр. 

Сержант Ұлпан Иманғалиеваны білікті маман, адал дос, жанашыр бауыр ретінде танысақ, сонымен қатар оның сүйікті жар екенін де айтып өтуіміз керек. Жары Қанат Құрмановпен бірге Камила атты қызды тәрбиелеп отыр. Балапанының өмірі ашық болсын деген тілекпен тұсауын белгілі әнші Қарақат Әбілдинаға кестірген. Астана қаласындағы №60 мектепте 2-сынып оқушысы. Жары да мұнай саласының қызметкері. «Астана – армандар орындалатын қала» деген сөз Ұлпан Нұрланқызына бағытталып айтылғандай. Себебі Астана қаласында адал жарымен танысып, бақытын тауып, болашаққа деген жоспарларын құрып, бақытты ғұмыр кешіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы