«Ashyq»: Назарбаев әуежайында екі күннің ішінде 10 мыңдай адам тексерілді

13 Мамыр 2021, 14:08
1676
Бөлісу:
«Ashyq»: Назарбаев әуежайында екі күннің ішінде 10 мыңдай адам тексерілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Ashyq» жобасын іске асыру тақырыбында өткен брифингте айтылды.

"Жолаушылар арасында кезек туындамау үшін қандай шара алдыңыздар?" деп журналистер брифингте қатысушыларға сауал жолдады.

Бұл сұраққа Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы Ануар Шалекенов жауап берді.

Оның сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында 10 мамырдан бастап «Ashyq» қосымшасы тестілеу түрінде енгізілді.

12 мамырдан бастап толығымен іске қосылып, «Ashyq» қосымшасы арқылы әуежай ғимаратына жолаушыларды кіргізу қолға алынды. Екі күннің ішінде 9 943 адам тексерілді. Олардың арасынан 8 жолаушыдан «қызыл» мәртебесі анықталса, тағы 8 жолаушы «сары» мәртебемен анықталды. Әуежайдың атқарушы директоры Дәулет Хамзин айтып кеткендей, әуежайдағы 4 шығу есігінде арнайы жолақтар белгіленген, - деп айтты Ануар Шалекенов.

Оның айтуынша, экспресс шығу жолағынан жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы өтуге болады. Сонымен бірге жолаушыларға алдын ала мобильді қосымшаны жүктеп алып, сол арқылы кіріп-шығуға мүмкіндік ала алады.

Өзгелердің жаңалығы