Қиясов: «Ashyq» – КВИ-ға қарсы жаппай вакцинациямен байланысты емес

3 Ақпан 2021, 17:35
1589
Бөлісу:
Қиясов: «Ashyq» – КВИ-ға қарсы жаппай вакцинациямен байланысты емес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында электрондық вакцинация паспортына қатысты сұрақтың көптеп келіп жатқанын айтты. 

Электрондық вакцинация паспортын енгізуге қатысты халық арасында көптеген сұрақ туындады. Айта кету керек, мұндай төлқұжат – бұл бізге бұрыннан «екпе құжаты» ретінде белгілі көпжылдық тәжірибенің сандық аналогы ғана. Халыққа ыңғайлы болу мақсатында біз оны электронды форматқа көшірдік, - деді ол.

Оның айтуынша, халық арасында талқылауға түскен тағы бір өзекті тақырып – «Ashyq» мобильді қосымшасы болып отыр. 

Бірден айта кетейін, бұл жоба КВИ-ға қарсы жаппай вакцинациямен байланысты емес. Жобаның мақсаты – бір жағынан бизнеске көмектесу, екінші жағынан дені сау халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біз азаматтардың қоғамдық орындарға бару арқылы өзін-өзі оқшаулау режимін үнемі сақтамай, нәтижесінде вирустың таралу қаупін тудыратынын жиі кездестіріп жүрміз. «Ashyq» мобильді қосымшасы QR-кодты пайдалану және ПТР ортақ базасымен интеграциялау есебінен келушінің мәртебесін: вирустың тасымалдаушысы болып табылатындығын немесе табылмайтынын анықтауға мүмкіндік береді. Қонақтар мен қызметкерлердің вирус жұқтыру қаупі айтарлықтай төмендейтіндіктен, жоба бизнес орындарындағы шектеулерін жеңілдетуге көмектеседі, - деді ол.

Қиясов «қызыл» аймаққа енген өңірлердегі фитнес-клубтар үшін демалыс күндері жұмыс істеуге тыйым салынғанын, ал «Ashyq» жобасын енгізу арқылы аталған ұйымдар шектеусіз жұмыс істей алатынын мысалға алды.

Түстерді бөлу, қазір желіде жазылып жатқандай, адамдардың өмірін «бақылауға» және «аңдуға» арналмаған. Бұл адамның симптомдық немесе асимптоматикалық КВИ тасымалдаушысы, сондай-ақ жақын байланысқан тұлға екендігінің көрсеткіші. Дені сау адамдар үшін қозғалыс барысында ешқандай шектеу болмайды. Сонымен қатар, «қызыл» немесе «сары» мәртебе уақытша ғана, ол науқастың тиісті оқшаулау режимі аяқталғаннан кейін дереу жойылады. Мұндай құралдар Оңтүстік Корея, Малайзия, Түркия, Грекия, Кипр, Сингапур және басқа да елдерде сәтті енгізілгенін және COVID-19 індетін жұқтыру қаупін азайту үшін пайдаланылатынын атап өткім келеді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы