Еліміздің барлық онкологиялық орталығында онкоурологиялық аурулардың алдын алу және оларды ерте анықтауға арналған Бірыңғай ашық есік күні өтті.
Уақтылы жүргізілген тексерудің нәтижесінде акцияға қатысушылардың арасынан қатерлі ісіктің 30 жағдайы (оның ішінде онкологиялық ауруға күдік келтірілген жағдайлар), 43 ісік алды жағдайы және қосымша бақылауды, қосымша тексеруді немесе емдеуді қажет ететін 287 өзге ауру анықталды.
Бұл күні ел тұрғындары онкоурологтар мен бейінді мамандардың тегін кеңесін алып, профилактикалық тексеруден және қажетті диагностикалық зерттеулерден өтті.
Акция қорытындысы бойынша 579 адам мамандардың кеңесіне жүгінді. Барлығы 386 диагностикалық зерттеу жүргізілді, оның ішінде 14 төмен дозалы компьютерлік томография (ТДКТ) жасалды.
Іс-шара халықтың қатерлі ісіктің қауіп факторлары, оның алдын алу шаралары және дер кезінде тексерілудің маңыздылығы туралы ақпараттануын арттыруға бағытталған республикалық ақпараттық науқан аясында ұйымдастырылды.