Қашықтан оқыту – уақыт талабы

23 Шілде 2020, 21:07
2038
Бөлісу:
Қашықтан оқыту – уақыт талабы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР БҒМ "Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы" бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша дене шынықтыру пәнінен әдістемелік ұсынымдаманы талқылау мақсатында онлайн жиналыс өткізді.

Жиналысқа ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің бас сарапшысы Ақтоты Кемалова, Ұлттық білім академиясының өкілі Сәнсия Көптілеуова және аймақтық Дене тәрбиесі орталықтарының басшылары, әдіскерлері, еліміздің барлық өңірінен дене шынықтыру пәні мұғалімдері қатысты.

Онлайн жиналысқа қатысушы дене шынықтыру мұғалімдеріне Ғылыми-әдістемелік, дәрігерлік-биологиялық қамтамасыз ету, дене шынықтыру мұғалімдерінің біліктілігін көтеру зертханасының жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Тұяқбаева Меруерт Шекейқызы әдістемелік ұсынымдаманы таныстырды.

Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының мамандары шетелдік тәжірибелерді зерделей келе, Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемдік білім беру саласы бетпе-бет келген мәселеде жан-жақты тұжырымдар мен зерттеулерді қарастырып, соның негізінде еліміздің дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне, олардың мектептегі спорттық үйірмелердің жұмысын жүргізу ісіне арнайы ұсынымдама әзірлеп отыр. Бұл құжат ұстаздар арасында толығымен талқыланып, Білім және ғылым министрлігіне бекітуге ұсынылады.

Еске салайық, ұстаздарға әдістемелік көмек жасау мақсатында әзірленіп отырған ұсынымдаманың сапалы әрі жан-жақты түйткілді мәселелердің шешім табуына мүмкіндік беруі үшін осыған дейін де аймақтық дене тәрбиесі орталықтарының әдіскерлері мен дене шынықтыру пәні мұғалімдерімен онлайн конференция арқылы талқылаған болатын. Бүгінгі 4-мәрте ұйымдастырылған жиында педагогтер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Қосымша дене тәрбиесі бойынша білім беру саласына қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Дене шынықтыру пәнін қашықтан оқыту мәселесі әдістемелік ұсынымдамамен шектелмейді, уақыт талабына сай ұстаздардың кәсіби шеберліктері мен тәжірибелері арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отырады.

Өзгелердің жаңалығы