АШМ көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруды 2 есеге көбейтуді жоспарлап отыр

11 Наурыз 2022, 19:41
1686
Бөлісу:
АШМ көктемгі егіс  жұмыстарын қаржыландыруды 2 есеге көбейтуді жоспарлап отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралы қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты фермерлердің көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайын еместігі туралы ақпарат жарияланды. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселе бойынша көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізуге дайындық, оның ішінде қаржыландыруды ұлғайту бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын хабарлайды. 

Бұған дейін хабарланғандай, ведомство бюджеттік кредиттеудің жалпы сомасын 140 млрд теңгеге дейін жеткізе отырып, қосымша қаржыландыру көлемін 70 млрд теңгеге ұлғайту мәселесін пысықтауда, бұл шамамен 1 300 шаруашылықты қосымша қаржыландыруға мүмкіндік береді.

«Кең дала» бағдарламасы аясында 77,6 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 2673 өтінім ресми түрде келіп түсті.

«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша қаржыландыруға 80 млрд теңгеге дейін жібереді, бұл өткен жылғы деңгейден 2 есе жоғары. Қазірдің өзінде 66 млрд теңгеден астам сомаға 374 өтінім келіп түсті, 53,5 млрд теңге сомаға 176 АШТӨ қаржыландырылды.

Тұқыммен қамтамасыз етуге келетін болсақ, облыс әкімдіктерінің жедел ақпараты бойынша 2,3 млн тонна тұқым себілді, бұл жоспардың 100,8% құрайды, оның ішінде дәнді дақылдар тұқымы – 2,0 млн тонна (жоспардың 101,3%), майлы дақылдар – 89,1 мың тонна (жоспардың 96,2%), жем-шөп-15,3 мың тонна (жоспардың  80,4%), картоп – 237,3 мың тонна (жоспардың 99,9%).

АШМ-ның мәліметінше, техниканың дайындығы шамамен 92% құрап отыр, 400 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық. Облыстардың әкімдіктері мұнай өңдейтін зауыттардан өңірлерге және кейіннен АШТӨ өткізу үшін дизель отынын сатып алуды және жеткізуді қамтамасыз ететін операторларды айқындау жөніндегі іс-шараларды аяқтап жатыр. Оңтүстік өңірлерде тиеп-жөнелту басталды. 

Пестицидтерді субсидиялау бағдарламасын қаржыландыру 29,7 млрд теңге көлемінде қамтамасыз етілді, бұл егіс алаңын 100% өңдеуге мүмкіндік береді. 

Шамамен 659 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Тыңайтқыштарды 226 мың тонна көлемінде жеткізуге келісім-шарт жасалды, аграршыларға 56 мың тоннаға жуық тыңайтқыш тиелді. Қоймалардағы қорлар, соның ішінде импорттық тыңайтқыштар қалыптасты.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі егіс жұмыстарын табысты жүргізу үшін барлық қажетті шешімдер мен шаралар уақтылы қабылданып жатқанын, аграршылардың дайындығы жоғары екенін атап өтеді.

 Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі өз қызметінде өткен жылғы қуаңшылықпен, логистикалық тізбектердің бұзылуымен, шикізат пен өнім бағасының өсуімен, сондай-ақ әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуімен байланысты күрделі жағдайды ескереді. Туындайтын тәуекелдерді нивелирлеу үшін министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен, бизнес өкілдерімен және жұртшылықпен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, өз саясатына түзету жүргізеді.

Өзгелердің жаңалығы