Әшімбаев: Үкімет ТЖ салдарын жоюға ғана емес, оның алдын алуға бағытталған нақты қадамдар жасауы тиіс

14 Сәуір 2022, 12:44
1060
Бөлісу:
Әшімбаев: Үкімет ТЖ салдарын жоюға ғана емес, оның алдын алуға бағытталған нақты қадамдар жасауы тиіс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет төтенше жағдай салдарын жоюға ғана емес, тасқынның алдын алуға бағытталған нақты қадамдар жасауы тиіс. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Палата спикері Мәулен Әшімбаев айтты.

Көктемгі су тасқыны - халықты әуре-сарсаңға салған және әлі күнге дейін шешімін таба алмай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Бұл проблеманы Үкімет те, жергілікті атқарушы органдар да әрдайым назарда ұстап отырмыз дегенімен, жыл сайын осындай жағдайлар қайталанып келеді, - деді спикер.

Әшімбаев атап өткендей, апат салдарынан көптеген адам зардап шегіп отыр. Атап айтарлықтай экономикалық шығындарға да әкеп соқтырып жатыр.

Бұған дейін сенаторлар Парламенттік тыңдауларда және депутаттық сауалдар арқылы бірнеше рет Үкіметке осы бағыттағы проблемаларды шешу жолдарын ұсынған болатын. Бірақ әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Бұл мәселеге немқұрайлы қараудың салдары қандай болатынын бәріміз көріп отырмыз. Сол себепті кешенді шешімдер қабылдау қажет деп есептейміз. Үкімет төтенше жағдай салдарын жоюға ғана емес, тасқынның алдын алуға бағытталған нақты қадамдар жасауы тиіс, - деп түсіндірді Сенат төрағасы.

Үкімет мүшелері сенаторлар көтерген мәселелер мен айтқан ұсыныстарды алдағы уақытта ескеретініне сенім білдірді.

Сондай-ақ Әшімбаев осы мәселені Сенат өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы