Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата отырысында Қазақстанның шикізаттық емес тауарлар экспорты әлемдік нарықта төмендеп бара жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан үшін Еуразиялық экономикалық одақ аясында өнеркәсіп кооперациясын, өнеркәсіп секторындағы бірлескен жобаларды дамыту негізгі басымдықтардың бірі. Дегенмен, шикізаттық емес тауарлар экспортының төмендеуі отандық өнеркәсіпті қолдау, осы бағытта тиімді шешімдер қабылдау керектігін көрсетіп отыр.
Мәулен Әшімбаев осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін шикізаттық емес өндірісті дамыту жолында белсенді жұмыс істеуге, оның ішінде ЕАЭО мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.
Былтыр бұл көрсеткіш бізде (ескерту – шикізаттық емес тауарлардың экспорты) шамамен 6 пайызға төмендеген. Бұл өте көп. Демек, Қазақстан шикізаттық емес тауарлар экспортын азайтып отыр деген қорытынды жасауға тура келеді. Биыл – 7,2 пайыз болды. Бұл біздің стратегиялық басымдықтарымызға сай емес. Осы ретте біздің шекаралас аудандарымызда серіктестерімізбен бірлескен бірнеше ірі жоба бар. Атап айтқанда, Қырғызстанмен бірлесіп дамыту көзделген арнайы индустриялық аймақ («Ақ-тілек – Қарасу» өткізу пунктінің жанында) бар. Батыс Қазақстан облысында да осындай аймақ бар. Оны ресейлік серіктестермен бірге дамытуға ниет етіп отырмыз. Ол өнімдерді басқа елдердің нарықтарына жеткізу үшін тиісті аумақтарда өнеркәсіп кооперациясын дамыту қажет. Бұл тұрғыда министрлік белсенді жұмыс жүргізуге тиіс, – деді Сенат төрағасы.
Айта кетейік, бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсету бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
Заң нормалары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кәсіпорындары арасындағы кооперациялық байланыстарды кеңейтуге арналған. Ол үшін қаржылық ынталандырудың арнайы тетіктері көзделіп отыр. Құжат өндіріс көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.