Әшімбаев: Президенттің бастамалары азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған

2 Қыркүйек 2023, 10:53
704
Бөлісу:
Әшімбаев: Президенттің бастамалары азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының бастамалары, ең бірінші кезекте азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға және экономикамызды әртараптандыруға бағытталған. Мұндай пікірді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының алдағы кезеңдегі басым бағыттарын белгілеп берді. Осылайша экономикалық саясаттың жаңа моделіне көшудің нақты және тиімді тетіктері айқындалды. Олар әділдік, инклюзивтілік, тиімділік және прагматизм қағидаларына табан тірейді. Ұсынылған шаралар экономикадағы құрылымдық өзгерістерге және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған, - деді Сенат спикері.

Оның сөзінше, ұлттық бизнестің мүддесін қорғау, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау да Президентіміздің ерекше назарында. Сондай-ақ Жолдауда инвестиция тарту бойынша нақты шаралар көрсетілді. Осы ретте өңдеу өнеркәсібіне серпін беру үшін шетелдік және отандық инвесторлар алғашқы үш жылда салықтан босатылатынын баса айту керек.

Реформалардың маңызды бағыттарының бірі - салық және бюджет заңнамасын одан әрі жетілдіру. Бұл ретте Парламент Үкіметпен бірлесіп, елдегі кәсіпкерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі тетіктерді пысықтайды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Осы салада қордаланған проблемаларды жүйелі шешу үшін жеке министрлік құрылды. Мұндай қадам еліміздегі су қауіпсіздігі мәселелерін мақсатты түрде шешуге және саланы жоспарлы дамытуға мүмкіндік береді. Президентіміз көлік-логистика саласын да одан әрі дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Жаңа бастамалар еліміздің қуатты логистикалық әлеуетін тиімді іске асыруға жол ашатыны анық. Жаңадан құрылған Көлік министрлігі осы бағыт бойынша кешенді жұмыстар жүргізеді, - деп ойын айтты Мәулен Әшімбаев.

Жолдауда негізгі нарықтарды демонополизациялау, мемлекеттің экономикаға ықпалын азайту бойынша қажетті шаралар қабылдау керектігі де айтылды. Бұл бастамалар еліміздегі кәсіпкерліктің жандануына оң әсерін тигізеді.

Одан бөлек, Үкімет пен Парламент банк жүйесінің тиімділігін және оның ел экономикасына қосатын үлесін арттыруға көмектесетін заңнамалық түзетулерді қарауы қажет. Осы бағыттағы нормалар ұлттық табысты барынша әділ бөлуге ықпал етеді.

Демографиялық үдерістерді ескере отырып, бүгін Мемлекет басшысы «Келешек» атты жаңа бағдарлама әзірлеу туралы бастама көтерді. Бұл – балалардың білім алуы үшін бастапқы капиталды жинақтауға көмегін тигізетін маңызды қадам. Сондай-ақ Президентіміз Жолдауда өңірлердің бюджет саласындағы дербестігін арттыруға арналған нақты тапсырмалар берді. Соған сәйкес салық төлемдерінің бір бөлігін аймақтарға беру көзделіп отыр. Бұдан былай аудандық әкімдіктер бюджетті өздері жасақтай алады. Бұл, өз кезегінде, жергілікті жердегі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады, - деп түсіндірді ол Жолдауды.

Сенат төрағасы атап өткендей, әкімшілік реформаның жалғаса бермек. Соған сәйкес Үкімет мүшелері мен әкімдердің жауапкершілігі артады. Мемлекеттік жоспарлау барынша жинақы және икемді бола түседі.

Мемлекет басшысының осы және өзге де бастамалары, ең бірінші кезекте азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға және экономикамызды әртараптандыруға бағытталған. Қазіргі таңда әлемдегі ахуал өте күрделі. Аталған бастамаларды іске асыру осы шешуші кезеңде еліміздің теңгерімді және сапалы дамуына тың серпін береді. Осы орайда ерекше назар аударатын жайт, айтылған тапсырмалардың басым бөлігі үш жылдың ішінде жүзеге асуға тиіс, - деп атап өтті Әшімбаев.

Оның сөзінше, экономикалық дамудың жаңа тәсілдерін іске асыру үшін берік құқықтық база қажет. Сондықтан Президентіміздің барлық реформасын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл ретте Парламент Сенаты Мәжілістегі, Үкіметтегі әріптестерімен, сарапшылармен және мүдделі тараптармен әрдайым белсенді жұмыс істейді. Экономикалық саясаттың жаңа үлгісін жүзеге асыру еліміздің тұрақты, сапалы әрі ұзақ мерзімді экономикалық дамуына негіз болады. Бұл бастамалардың барлығы Әділетті Қазақстан құру ісіне сомды үлес қосатыны сөзсіз.

Өзгелердің жаңалығы