Бүгін Сенат отырысында ғылым және білім беруді жетілдіруге арналған заң қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соның барысында Scopus базасына енетін халықаралық ғылыми журналдарға мақала жариялау туралы талап докторлық диссертация қорғауға кедергі келтіретіні жөнінде отандық ғалымдардың пікірі назарға алынды. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки бұл бағытта жұмыстар қолға алынғанын атап өтті.
Осыған байланысты Палата төрағасы журналдарға қатысты пікірлер орынды және ғалымдарымыз үшін шетелдік басылымдарға материал жариялау оңай емес екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол мәселені осы жағынан қарап, жалпы ғылымға қойылатын талапты төмендетпеу керек екенін айтты.
Ғылым жан-жақты зерттелген қадамды талап етеді. Сондықтан PhD-ді қорғауға арналған критерийлерді төмендетуге болмайды. Болон жүйесіне көшердің алдында мұндай олқылықтың орын алғанын білеміз. Сол кезеңде кандидаттар мен докторлардың көбейіп кеткенін де және олардың қалай қорғалғанын да көрдік. Сол себепті, ондай кезге қайта оралмау үшін PhD-ді өз деңгейінде ұстап отыруымыз қажет. Жеңіл жолмен қорғаған он PhD-ден гөрі бір-екі нағыз ғалымды тәрбиелеп шықсақ, елдің ғылымына да, экономикасына да көбірек пайдалы болатыны анық. Сондықтан бұрынғы қателіктерімізден сабақ алып, оның қайталануына жол бермеуіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат Спикері біздің ғалымдарымыз шетелде де құрметке ие, беделді нағыз ғалым болуы керектігін айтып, мұндай деңгей жоғары талаптан басталатынына назар аударды. Осыған орай ол тиісті Министрлік бұл бағыттағы жұмыстарды жан-жақты пысықтап, алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра беруі керектігіне тоқталды.
Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралып, мақұлданды. Жаңа нормалар ғалымдардың әлеуметтік кепілдіктерін жақсартуға және ғылымда қаржы ресурстарын пайдалануды оңтайландыруға бағытталған.