Әшімбаев: Ашаршылық – өте күрделі тақырып

16 Ақпан 2021, 11:49
2080
Бөлісу:
Әшімбаев: Ашаршылық – өте күрделі тақырып

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ашаршылықты 100 жылдығына орай елордада өтіп жатқан дөңгелек үстелде бұл нәубет бір қазақ халқын ғана емес, сол кездегі Кеңес үкіметі құрамындағы елдің бәрін қамтығанын айтты.

Алдымызда тұрған тағы бір міндет – ашаршылықтың сан түрлі себеп-салдарын зерттеп, сол кезеңдегі шынайы шындықты қалпына келтіру. Объективті ғылыми қорытынды жасау үшін сол кездегі кеңестік жүйені толықтай қамтуымыз керек. Сол тұстағы большевиктік биліктің мақсаты, міндеті, жоспары қандай болды, оны қалай жүзеге асырды, қандай қателіктері болды деген сауалдарға нақты жауап іздеуіміз қажет. Ол кездегі саяси және экономикалық ахуалдың қандай болғанын, сондай-ақ, таптық күресті де жан-жақты сараптаған жөн, - деді ол. 

Ол ашаршылыққа табиғи жағдайдың да зардабы тигені белгілі екенін айтты. 

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, жергілікті шолақ белсенділердің де жағдайды ушықтырғанын білеміз. Мұның барлығын тиянақты зерттемей ашаршылықтың себеп-салдарына әділ баға беру мүмкін емес. Біз ашаршылықтың екі кезеңіне де осындай кешенді көзқараспен келгеніміз абзал. Мәселен, 20-жылдардағы ашаршылыққа көбіне әскери коммунизм, азамат соғысы, күйреген жүйе және табиғи жағдай себеп болды деп айтылады, - деді Мәулен Әшімбаев. 

Ал 30-жылдардағы ашаршылыққа келер болсақ, бұл тоталитарлық жүйенің қате саясатының салдары екені анық.

Өйткені, біржақты тәркілеу және ұжымдастыру саясаты дайын емес ортада жүргізілді. Жоспарлау ісінде жергілікті жердің тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылық жүргізу формасына қатысты объективтілік болған жоқ. Оған дәлел жетіп артылады. Мысалы, орталық билік индустриалды даму жағынан 50-100 жылға алға кетіп қалған батыс елдерін 5-10 жылда қуып жетеміз деген идеяны көтерді. Осындай ешқандай ғылыми негізі жоқ, тұтас елдің және өңірлердің ерекшелігі ескерілмеген шешімдер үлкен қасіретке алып келді. Соған қарамастан тоталитарлық режим көздеген мақсатқа жетуден тайынбады. Тіпті, осы жолда адам өмірі де есепке алынбады, - деді ол. 

Осындай жүйесіз әрі қатігез саясат салдарынан елімізді жаппай аштық жайлады.

Ғалымдарымыз ашаршылық 2,5 миллиондай адамның өмірін қиды деп айтып жүр. Бұл мәліметтерді де мұқият зерттеп, нақтылау керек. Жалпы, осы нәубет жылдарында біз халқымыздың жартысына жуығынан айырылып қалдық. Бір миллионнан астам халық көршілес елдерге босып кетуге мәжбүр болды. Мал басының саны он есеге қысқарғанын білеміз. Бұл жағдай мыңдаған жылдық тарихи тамыры бар дәстүрлі тұрмысымызды айтарлықтай күйретті. Тіпті, ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнгені де белгілі, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы