Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев бірнеше кезеңнен тұрған емтиханнан сүрінбей өтіп, IJF Continental – құрлықтық дәрежедегі төреші атағын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
4-9 сәуір күндері Алматы төрінде дзюдодан IJF мамандарының қатысуымен құрлықтық және халықаралық дәрежедегі төрешілерге арналған семинар-емтихан өтті. 18 елден жиналған мамандар білімдерін жетілдіріп, Халықаралық дзюдо федерациясының сертификаттарымен марапатталды.
Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев бірнеше кезеңнен тұрған емтиханнан сүрінбей өтіп, IJF Continental – құрлықтық дәрежедегі төреші атағын алды. Бұл санаттағы төрешілер құрлықтық додаларда, яғни Азия ойындары, Азия Кубогі және Азия чемпионаты жарыстарында төрелік ету құқығына ие, - делінген федерация таратқан ақпаратта.
Бұл дәрежеге қол жеткізген қазақстандықтардың қатарында Николай Иванов пен IJF International – халықаралық төреші атағын алған Самат Сапишев те бар.