Асхат Оралов спорт саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

20 Тамыз 2023, 13:21
981
Бөлісу:
Асхат Оралов спорт саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады
Фото: gov.kz

Бүгін қазақстандықтар Спорт күнін атап өтіп жатыр. Аталған мерекеге орай Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов спорт саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгінгі Спорт күні біз халықаралық жарыстарда үлкен жеңістерге қол жеткізіп жүрген спортшыларымыздың, дене шынықтырумен айналысатын және дені сау қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеп жатқан жаттықтырушыларымыздың, ардагерлеріміздің және осы саладағы барлық қызметкерлердің еңбегін атап өтеміз. Бұл күні мен өз өмірін спортқа арнаған отандастарыма зор денсаулық, толағай табыс, жаңа белестерді бағындыру жолында сарқылмас шабыт, сондай-ақ жарқын жеңістер мен жаңа рекордтар тілегім келеді. Негізгі жанкүйерлеріңіз - туыстарыңыз бен жақындарыңыз әрқашан жаныңыздан табылып, алаңдағы, паркеттегі, татамидегі немесе рингтегі жетістіктеріңізге бірге қуанып, бақытқа бөлене беріңіздер. Қазақстанда спорттың дамуына қажырлы еңбегімен маңызды үлес қосып жүрген әріптестеріме айрықша алғыс білдіремін, - деді министр.

Спорт және дене шынықтыру - салауатты және табысты ұлтты қалыптастырудың маңызды құрамдас бөлігі. Мемлекет басшысы салауатты өмір салтын, бұқаралық спортты насихаттауға және осы салада еңбек ететіндерге жақсы жағдай жасауға көп көңіл бөледі.

Біздің министрлік өз кезегінде жоғары жетістіктер спортын дамыту бойынша да, халық арасында дене шынықтыруды насихаттау бағытында да ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, биыл 113 жаңа нысан салынып жатыр, 20-сы қайта жаңартылып, 6 жұмыс істеп тұрған спорт нысаны қайта жарақтандырылады. Ауылдық жерлерде кемінде 100 аз шығынды және тез салынатын модульдік спорт нысандарын салу мәселесі пысықталып жатыр, - деді Асхат Оралов.

Өзгелердің жаңалығы