Асхат Аймағамбетов: Мәселені мұғалімдерге ысыра беруге болмайды

Бүгiн, 11:11
1264
Бөлісу:
Асхат Аймағамбетов: Мәселені мұғалімдерге ысыра беруге болмайды
Фото: Арман Мухатов - архив

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов BAQ.KZ порталына берген сұхбатында білім беру мен мәдениет саласындағы жаңа бастамалар туралы айтты. Ол "Ақылман" картасы арқылы оқушыларды мәдениетке тарту, университеттердің рейтингіне байланысты оқу ақысының өзгеруі  және мектептегі буллинг мәселесін сөз етті.

BAQ.KZ: "Ақылман" картасы кімдерге беріледі?

Асхат Аймағамбетов: "Ақылман" картасының негізгі мақсаты – оқушыларды мәдениетке жақындату. Бізде түрлі мұражай, театр және көрмелер бар. Балалардың рухани дүниетанымын кеңейтіп, мәдени дамуына жағдай жасауымыз керек. Бұл – маңызды қадам.

Халықаралық тәжірибеге қарасақ, мұндай жүйе Италия, Испания, тіпті көрші Ресейде де жақсы дамыған. Өткен аптада депутаттардың ұсынысымен заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Қазір біз картаның қалай іске асатынын, механизмдерін тиісті мемлекеттік органдармен талқылаудамыз. Бастысы – заң қабылданғаннан кейін оның нақты жүзеге асуы.

BAQ.KZ: Жоғары оқу орындарының рейтингі жасалатынын айттыңыз. Бұл оқу ақысының қымбаттауына әсер ете ме?

Депутат: Президент жолдауында университеттерге бөлінетін грант мөлшерін олардың білім беру сапасына қарай белгілеу тапсырылған болатын. Осыған орай, заң жобасына тиісті өзгерістер енгізілді. Қазір әлемдік деңгейде мойындалған университет рейтингтері бар. Бұл – бар жүйені ретке келтірудің бір жолы. Оқу ақысы қымбаттайды деп нақты айтуға болмайды.

BAQ.KZ: Халықаралық ғылыми жобалардың жеңімпаздарына сыйақы беріледі дедіңіз. Оның шарттары қандай?

Асхат Аймағамбетов: 2021 жылы Мемлекет басшысы осы мәселе бойынша тапсырма берген еді. Кейін заңға өзгерістер енгізіліп, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен олардың ұстаздарына бір реттік қаржылай сыйақы тағайындалды. Бұл бастама көп жас ғалымға үлкен қолдау болды.

Жыл сайын берілетін сыйақының мөлшері айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты өзгеріп отырады. Биыл оның сомасы 6 миллион теңгеге жуық. Бұрын халықаралық ғылыми жобалардың жеңімпаздары мұндай қолдаудан тыс қалатын, енді оларға да бір реттік сыйақы алу мүмкіндігі беріліп отыр.

Мысалы, елімізде робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанған жас болса, ол екі мүмкіндікке ие болады. Біріншіден, ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсе алады. Екіншіден, өзі және оны дайындаған педагог қаржылай сыйақы алады.

Біз спортқа қыруар қаржы бөлеміз. Мысалы, олимпиада жеңімпаздарына 250 мың доллар көлемінде сыйақы беріледі. Ал ғылымға келгенде, неге қаражат үнемдеуіміз керек?

BAQ.KZ: Кейбір студенттер мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жатады. Оқуды бітірген соң олар грантты өтеуге міндетті ме?

Асхат Қанатұлы: Мемлекет студенттің оқуына қаржы бөліп, грант береді. Оның басты мақсаты – елге қажетті мамандарды даярлау. Сондықтан түлек грантпен оқығаннан кейін өз мамандығы бойынша жұмыс істеуі керек. Бірақ “тек мына мекемеде жұмыс істейсің” деген қатаң талап жоқ. Ол жеке секторда, мемлекеттік ұйымдарда немесе ауылдық жерде қызмет ете алады.

BAQ.KZ: Соңғы жылдары мектептерде буллинг күшейіп кетті. Оның себебі неде? Бұл мәселеге кім жауапты?

Асхат Аймағамбетов: Мұғалімнің негізгі міндеті – білім беру және тәрбиелеу. Бірақ мұны тек педагогтің жауапкершілігіне артып қоюға болмайды. Егер бәрін ұстаздарға ысырып тастасақ, мұғалімсіз қалуымыз мүмкін.

Қазақ “Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілесің” дейді. Бала ең алдымен ата-анасының тәлімін алады. Сондықтан бұл мәселеде тек мектепті кінәлау дұрыс емес. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердің де әсері зор. Яғни, буллингтің алдын алу үшін кешенді жұмыс қажет.

BAQ.KZ: Қатігездікке барып, қылмыс жасаған балалардың ата-анасын ата-ана құқығынан айыру керек деп ойлайсыз ба?

Асхат Қанатұлы: Бала ең алдымен отбасында тәрбиеленуі керек. Балалар үйі немесе мемлекеттік мекемелер ата-ананың мейірімін алмастыра алмайды. Сондықтан мемлекет “баланы тартып алу” деген ұстанымды ұстанбайды.

BAQ.KZ: Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Өткен аптада Мәжілісте Асхат Аймағамбетов "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын таныстырды.

Жобада кітапханаларға табыс табу құқығын беру, жоғары сынып оқушыларын кәсіби мамандыққа бейімдеу секілді бастамалар қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы