Асхат Аймағамбетов «Болашақ» бағдарламасының 28 жылдығымен құттықтады

5 Қараша 2021, 13:07
988
Бөлісу:
Асхат Аймағамбетов «Болашақ» бағдарламасының 28 жылдығымен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Болашақ» бағдарламасының 28 жылдығымен құттықтады. Бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парқшасында жазды.

«Болашақ» бағдарламасына – 28 жыл. «Болашақ» стипендиясы – ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бірегей стратегиялық жоба. Бағдарлама жүзеге асырылып келе жатқан 28 жылдың ішінде 14 мыңнан астам қазақстандық әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде «Болашақ» түлектері түрлі салаларда еңбек етіп, ел дамуына елеулі үлес қосуда. Мәселен, 800-ге жуық стипендиат денсаулық сақтау саласында қызмет атқарады және жыл сайын ондаған мыңнан астам күрделі ота жасайды. Білім беру саласы үшін де 800-ден астам маман дайындалды. Олар әртүрлі деңгейдегі білім беру ұйымдарында, оның ішінде ауылдық жерлерде де жұмыс істейді, – деді Аймағамбетов. 

Бағдарлама түлектері алған білімдерін іс жүзінде қолданып, ғылым, экономика, журналистика, мәдениет, инновациялар мен технологиялар, мемлекеттік басқару және басқа да секторлардың дамуына еңбек үлестерін қосып жүргенін айтты. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бағдарлама модернизацияланды. Аталған жаңғырту жұмыстары ашықтық деңгейін арттырып, барлық үміткер үшін тең жағдай жасауға, сонымен бірге конкурстық іріктеуді автоматтандыруға және меритократия қағидаттарын қолдауға бағытталған, – деді Асхат Аймағамбетов.
 

Озық ғылыми технологияларды трансферттеу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің жетекші зерттеу орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді тапсырғанын да айтты. 

Бұл үшін ғалымдарға арналған тағылымдамалар жаңа санаты бекітілді. «Болашақ» бағдарламасының 28 жылдығымен құттықтаймын. Бүгінде еліміздің талантты жастарына қолдау көрсетіп келе жатқан «Болашақ» стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналып отыр, – деп жазды министр.
 


 

Өзгелердің жаңалығы