Ашаршылық жылдарын ұлт жадында сақтау мақсатында «Аза Сарайы» салынуы мүмкін

17 Ақпан 2021, 18:16
2397
Бөлісу:
Ашаршылық жылдарын ұлт жадында сақтау мақсатында «Аза Сарайы» салынуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында айтылған 1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы жаппай ашаршылық тақырыбын жан-жақты зерттеу мәселесіне арналған Парламентінің Сенаты арнайы дөңгелек үстел өткізді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы өзінің Facebook-тегі парақшасында әлеуметтік желіде сол отырыс туралы толық ақпарат алмай, эмоцияға салынып, талқылау жүріп жатқанын жазды. Ол іс-шараға қатысып, баяндама жасағанын айтты. Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында көптеген мәселе айтылғанын жеткізді.

Смағұл Елубай, Талас Омарбеков ағаларымыз көптеген мәселе көтеріп, бағасын берді. Қуантарлық жайт, дөңгелек үстел барысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осы салада жүрген ғалымдарға, өнер қайраткерлеріне толық қолдау көрсететінін айтып, арнайы ұсынымдар қабылданды. Нақтылап айтсақ, Мәдениет және спорт министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктерімен бірге Ашаршылық құрбандарын әр жылы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде мемлекет деңгейінде «1 минуттық аза тұту» шарасын жүзеге асыру мүмкіндігін; ашаршылық жылдарын ұлттың жадында сақтау, жастар санасында бекіту мақсатында «Аза Сарайы» мемориал-кешенін салу туралы; ұлттың жадында сақтау, жастар санасында бекіту мақсатында ашаршылық қасіреті жайлы тарихи, ғылыми зерттеліп, зерделенген деректер негізінде кітаптар, театрлық қойылымдар мен фильмдер шығару мүмкіндігін қарастыру ұсынылды, - деп жазды ол.
Депутат ашаршылық ұлтымыздың тарихындағы, санасындағы үлкен қасірет, қайғы, жазылмас жарақат екенін айтты.
Кім кінәлі екенін білеміз, айыптаймыз. Бұл нәубет сол кездегі коммунистік-сталиндік биліктің қылмыстық саясатының салдары. Ол - дәлелдеуді талап етпейтін ақиқат! Сол мемлекет, құдайға шүкір, жойылды, тек елесі қалды. Біз тәуелсіздік алдық. Біз сол қырғында көз жұмған құрбандарымызды толық түгендеп алуымыз керек. Қалғаны – екінші мәселе. Мен үшін бүгінгі күні кім кінәлі дегенді іздеуден гөрі, бар күш-жігерімізді қанша бауырымыз қайтыс болды, олардың аты-жөндері кім екенін анықтап, сол бойынша тізім жасап, есімдерін анықтап, тасқа жазып, ескерткішін қойып, ұлт болып жоқтау. Маған, ең бастысы, осы маңызды. Бұл олардың алдындағы мәңгі парызымыз, - деп атап өтті ол.

Өзгелердің жаңалығы