Әсел Айтпаеваны зорлады деген күдіктінің неден қайтыс болғаны белгілі болды

16 Шілде 2021, 11:28
6855
Бөлісу:
Әсел Айтпаеваны зорлады деген күдіктінің неден қайтыс болғаны белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әсел Айтпаеваны зорлады деген күдікке ілінген грузиялық Бесик Тордуаның өлімінің себебі белгілі болды. Алдын ала болжамдарға сәйкес, Тордуа ми инфарктінен қайтыс болған деп жазады Sputnik Грузия.

Грузия арнайы пенитенциарлық қызметінің деректеріне сәйкес, мамыр айында күдіктіге медициналық тексеріс жүргізіліп, артериялық гипертензия деген диагноз қойылған. Соған байланысты ол үнемі медициналық қызметкерлердің бақылауында болыпты.

30 маусым күні Тордуа басының қатты ауырып тұрғанын айтып, дәрігерге жүгінген. Сөйлеуі бұзылып, қан қысымы көтеріліпті.

Осылайша, ми қанайналымының бұзылуы салдарынан Тордуа жедел жәрдем көлігімен емханаға жеткізіледі. Ол жерде компьютерлік томография жасалынып, невролог ми инфаркті деген диагноз қояды.

Күдіктінің жағдайы ауырлап, реанимацияға жатқызылды. Ем қабылдап, қарқынды бақылауда болды. Ота жасалды. Отадан соң науқастың жағдайы оңалмады. Жүрегінің қызметін қалпына келтіру мүмкін болмады. Биологиялық өлім орын алды, - делінген пенитенциарлық қызметтің хабарламасында.

Грузия азаматы Бесик Тордуа отандасымыз 26 жастағы Әсел Айтпаева Тбилисиде өлі күйінде табылған соң зорлау және өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу деген күдікпен ұсталған болатын. Іс бойынша тергеу аяқталған жоқ. Тордуа алдын ала қамауда отырған еді.

Бұған дейін Тордуаның қайтыс болғандығы туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы