Асқар Мамин Ресейдің Қазақстандағы елшісін қабылдады

11 Наурыз 2019, 22:02
2480
Бөлісу:
Асқар Мамин Ресейдің Қазақстандағы елшісін қабылдады

Астана, BAQ.KZ. Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин Қазақстандағы Ресей Федерациясының Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинді қабылдады, деп хабарлады primeminister.kz.

Кездесу барысында елдердің екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығына қатысты мәселелер талқыланды. Астанада биыл мамыр айында ЕАЭО мерейтойлық саммитін, күзде Омбыда Қазақстан мен Ресейдің XVI аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізу жоспарларына көңіл бөлінді. Бұдан өзге, «Байқоңыр» кешені бойынша өзара іс-қимылдың бірлескен әдіс-тәсілдері, соның ішінде Байқоңыр қаласының инфрақұрылымын жаңғырту, «Бәйтерек» жобасын іске асыру мәселелері қаралды.

"Бүгінде ЕАЭО барлық елдері ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Еуразиялық интеграция туралы идеясына 25 жыл және Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа қол қойылғанына 5 жыл толуына орайластырылған, Астанада ЕАЭО мерейтойлық саммитін өткізу уақытының тиімділігін құптады", - делінген хабарламада.

Омбыда өтетін Қазақстан мен Ресейдің XVI аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында Ресей тарапы шекара маңы өңірлерінің Жастар форумын өткізуге ұсыныс білдірді.

Алексей Бородавкиннің айтуынша, 2018 жыл екіжақты Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы үшін табысты әрі жемісті болды.

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Ресейдің Қазақстанның басты сауда серіктесі екенін жәнен екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды түрде және барлық бағыттарда ілгерілемелі дамып келе жатқанын атап өтті.

Ресей үлесі Қазақстанның сыртқы сауда айналымында шамамен 19% құрайды, қазақстандық өнімді экспорттау бойынша 4 орында. 2018 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 2017 жылмен салыстырғанда 7,2% ұлғайып, $17,6 млрд құрады, соның ішінде экспорт — $5,2 млрд (+11,3%). 2017 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымының өсімі 25,6% құраған.

Инвестициялық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейі сақталған. ҚР Ұлттық банкінің деректері бойынша, 2005 жылдан бастап 2018 жылғы ІІІ тоқсан аралығында РФ-дан ҚР-ға жинақталған тікелей инвестициялар көлемі $12,9 млрд құрады. Қазақстанда Ресей капиталының қатысуымен 6 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген, бұл ҚР-дағы шетелдік капиталдың қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорындардың жалпы санының үштен біріне жуық (37%) құрайды.

Өзгелердің жаңалығы