"Арыз жазатын ата-аналар азайды": Директор мектептегі өзгерістер туралы айтты

15 Сәуір 2024, 14:20
7685
Бөлісу:
"Арыз жазатын ата-аналар азайды": Директор мектептегі өзгерістер туралы айтты
Фото: Артём Чурсинов

Еліміздің жарқын болашағы – білімді және тәрбиелі ұрпақтың қолында. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім беруде мұғалімдердің, мектептің атқарар рөлі ауқымды. Осы ретте елордадағы №8 мектеп-лицейінің жұмысымен танысып, директоры Гүлнұр Айтимованың білім ордасындағы өзгерістер жайлы әңгімесін тыңдадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Гүлнұр Ерсайынқызы, ең алдымен мектептің тарихына қысқашы тоқталып өтсеңіз...

- Мектебіміз 1962 жылы құрылған. Кейін 2020 жылы білім ордасы апаттық деп танылып, сол жылы осы ғимарат пайдалануға берілді. Сөйтіп осы жерден мектеп-лицей болып ашылдық.

Ең алдымен оқушылардың әлеуметтік жағдайына және мектебіміздің орналасқан жеріне қарадық. Осы ерекшеліктерді ескере отырып, балаларды IT бағытында болашақ инженер, технологтарды дайындауға баса назар аудара бастадық. Осылайша 3-4 жылдан бері мектебіміз жаратылыстану-математика және IT бағытында балаларды оқытып келеді.

Білім ордамыз толығымен мемлекеттік және қазақтілді мектеп.

Мектеп 900 балаға арналған. Бірақ қазір 1 700-дей бала екі кезеңде оқиды.

- Мектептің негізгі міндеті – балаларға біліммен қатар тәрбие беру. Сіз басқарып отырған мектепте балалардың тәрбие жұмысына қалай көңіл бөлінеді? Оқушы-мұғалім-ата-ана үштігінің байланысы қалай?

- 2021 оқу жылынан бастап құндылыққа негізделген білім беру жобасы бойынша жұмыс істеп келеміз.

Мектепке кіріп келгенде “жауапкершілік”, “адалдық”, “жомарттық” деген сияқты құндылықтар жазылған. Яғни бізде әр айда мұғалімдер сол айдың құндылығына байланысты сабақ береді. Яғни тәрбиемен тек сынып жетекшісі немесе тәрбие орынбасарлары ғана айналыспайды. Нақтырақ айтқанда, “Құндылыққа негізделген білім беру” жобасына әр пәннің мұғалімі жауапты. Өйткені қазір бұрынғы өзіміздің салт-дәстүрімізді, бұрынғы құндылығымызды бойымыздан жоғалтып алдық. Сонымен қатар кез келген адам эмоционалды тұрғыдан мейірімді қажет етеді. Қазір сондай заман. Өйткені ата-ананың бәрі жұмыста. Балаға қарайтын ешкім жоқ. Балаға мейірім жетіспейді. Мейірім жетіспегеннен кейін, әрине, бала жаман жолға түсіп кетуі мүмкін. Міне, сол үшін құндылықты негізге алып, бүкіл пәннің мұғалімі балалар сабаққа келгеннен, мектепке кіргеннен бастап, бала қандай көңіл-күйде келді, қандай киім киіп келді – осының бәрін басты назарда ұстаймыз.

Жаңа айтқанымдай, мектебіміздің өзі жақсы инфрақұрылымы бар жерде тұрған жоқ. Бұл жерде керемет мәдени орындар жоқ. Балаларымыз сабақтан кейінгі уақытта бос. Қосымшаға бармайды. Ал оны қосымшаға жіберетін ата-аналарымыздың жағдайы жоқ. Көбі сауда-саттықпен айналысады. Жалпы мектептің ата-аналарының 30%-ында ғана жоғары білімі бар. Міне сол себепті құқық бұзушылық, әртүрлі тәртіпсіздік жағынан мектебіміздің қалалық деңгейде тіркеуде тұрған оқушысы көп болатын. Оған қоса, ата-анадан бастап балаға дейін арыз жазғыш болды. Мысалы, бір жағдай болса, мұғалім мен директор үстінен арызданатын. Яғни бір жағдай болса, арыз жазу керек деп түсініп, “шағымданамын”, “арыз жазамын” деп шығатын. Бірақ бұл мәселені шешпейді. Осындай жағдайлар болды...

Қалада тұрып жатқандықтан мұғалімдеріміз қаланың түкпір-түкпірінен келеді. Балалардың көбі жалдамалы жер үйде тұрады. Жер үйде тұрғаннан кейін ылғалдың иісі болады. Ол жерде балалар әртүрлі жағдайда тұрады. Балалар мектепке келгенде үстілерінен иіс шығады. Жуынбайды. Ата-анасы қарамайды. Осылай жүргенде мұғалімдер балаларды менсінбейтін болды. Деңгейіне қарай мұғалімдердің кемсітушілігі байқалды. Міне, содан кейін “мұғалімді қалай түзесем, оқушыны қалай түзесем” деген ой болды. Әйтеуір дұрыс жолға түсуіміз керек қой... Міне осы бағытта ізденгенде, осы “Құндылыққа негізделген білім беру” жобасы бойынша мұғалімдерді оқытсам деп ойладым. Мұғалімдердің эмоционалды тұрғыда өзгеретінін, сонымен қатар Z ұрпақпен қалай тіл табысу керек, олармен қалай жұмыс істеп, қалай оқыту керек деген сияқты дүниенің бәрін курстан көріп, 20 мұғалімді таңдап алдым. Олар курстан өтті. 20 мұғалімді таңдағанның өзінде де жас маман емес, мектепте өзінің айтқан сөзін екінші адамға өткізе алатындай, вирус сияқты тарата алатындай адамды таңдадым.

- Мұғалімдер курсқа қатысып келгеннен кейін өзгеріс байқалды ма...

- Иә, курстан кейін мектебімізге өзгеріс ене бастады.

Жаңа жоғарыда мектеп 2020 жылы берілді деп айттым... Мектеп пайдалануға тек ақ қабырға болып берілді. Оны өзіміз заманауи жабдықтармен толығымен жабдықтадық. Баланы өзгертіп, сол жабдықтарды бұзбауға, оны сақтауға үйрету керек дедік. Міне мұғалім өзгергеннен кейін оқушыларға, содан соң ата-аналарға көштік. Қазіргі күні бір нәтижеге келдік. Оны былтырғы оқу жылында көрдік. 2023 жылы бір оқушымыз “кезінде артемский бұзық Бека едім, енді қазір мектеп бітіруші түлекпін. Бұрынғы Бека емеспін, мен өзгердім. Түзу жолда жүру керегін түсіндім” деп Астана қаласы мектептерінің басшылары алдында өз ойын ортаға салып, қалай өзгергенін айтып берді.

Қазіргі күні қаланың ішінде тіркеуде тұрған мектебіміздің баласы жоқ. Екіншіден, балалар мектепте өзін қалай ұстау керегін біледі. Тек мектеп табалдырығын аттағанда ғана емес, сыртта да өзін қалай ұстау керегін, мәдениет болу керегін үнемі айтамыз.

Қазір шағымданатын ата-аналарымыз да азайды.

- Мектепте оқушылардың көпшілігі әлеуметтік осал санатқа жататын отбасылардан шыққан ба?

- Бізде көпбалалы отбасылардан шыққан, жалғысбасты анасы бар, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балалар бар. Жылдың басында 300 балаға көмек көрсетеміз. Жалпыға бірдей білім қорынан, оған қоса тағы демеуші тауып, балаларды мектепке дайындаймыз.

- Оқушыларға арналған тегін үйірмелер бар ма? Қандай үйірмелерге балалар тегін қатыса алады?

- Мектеп 900 балаға арналғанын айттым, бірақ біз екі кезеңде жұмыс істейміз. Екі кезеңде де балаларға арналған STEM, IT кабинетіміз бар. Оқушыларымыз сол жерде жобаларын жасайды. Өз жобаларын республикалық деңгейде қорғап, нәтижеге жеткен балаларымыз бар. Биылғы оқу жылының өзінде 15 баламыз республикалық “Балдәурен” лагеріне жеткен жетістігінің арқасында барып келді.

Одан кейін информатика кабинетінен бөлек, IT компания деген кабинетіміз бар. Информатика кабинетінде оқушылар сабақ оқыса, IT компанияда қосымша жұмыстарымен айналыса алады. Ол жерде Мобильді қосымша, Компьютерлік дизайн үйірмесі бар. Оны мұғалімдер тегін жүргізеді.

Сонымен қатар технология мұғалімдері қолөнер бойынша өткізетін “Ұшамыз, қонамыз, жүземіз” үйірмесі жұмыс істейді. Мұғалімдер тегін жобалармен де айналысады. Мысалы, тарих пәнінің мұғалімі дебат конкурсын, бастауыш сынып мұғалімі “Оқуға 100 кітап” жобасын жүргізеді.

“Қолданбалы экология” жобасы да бар. Математика пәні мұғалімдері “Математикалық лига” бойынша олимпиадалар өткізіп тұрады.

Балалар мен ата-аналары және мұғалімдер бірлесіп жұмыс істейтін жобалар да бар.

Мектебіміз Өнер мектебімен келісімшартқа отырған. Осы құжат аясында домбыра, би, шахмат өткізіледі. Ол үйірмелерге қатысу - 10 мың теңге. Ал егер бала әлеуметтік осал топтан шыққан болса, онда осы сумманың 50%-ын төлейді.

Ал спорттық үйірмелерден дене шынықтыру мұғалімдері асық ату, тоғызқұмалақ, футбол үйірмелерін өткізеді.

- Мектепте кадр тапшылығы мәселесі бар ма?

- Мектепте мұғалім тапшылығы жоқ. Барлық штатта мұғалімдер жұмыс істеп жатыр. Тек дефектолог маманы ғана жетіспейді. Бұл проблема бүкіл қалада бар.

- Қазір бәріміз білетіндей, баланың қауіпсіздігі басты назарда. Сондықтан енді балалардың мектептегі қауіпсіздік мәселесіне тоқталсақ...

- Мектепте 64 камера бар. Оның 24-і Жедел басқару орталығына қосылған. Кіреберісте турникет орналастырылған. Дабыл түймесі де бар. Одан бөлек, мектепте оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұғалімдердің өздерінің келісімдерімен кезекшілік қойдық. Әр қабатта мұғалімдер кезекшілік атқарады.

Мектеп баланың қауіпсіздігін ескере отырып талапқа сай жабдықталған.

Мұғалімдер мен оқушылар төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керегін біледі.

Мектептің барлық 4 қабатында төтенше жағдай тұтқасы, яғни төтенше жағдайда қоңырау шалуға арналған телефон орналастырылған.

- Ал күзет қызметі ше...

- Лицензияланған күзет компаниясымен келісімшартқа отырғанбыз. Олар түнде және күндіз өз міндеттерін атқарады.

- Өскелең ұрпақтың дені сау болып өсуі үшін олардың дұрыс тамақтануы маңызды. Мектепте бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріле ме?

- Иә, 1-4 сыныптың барлығы тегін тамақтанады. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алатын 5-11 сынып аралығындағы 64 оқушы тегін тамақ ішеді.

- Мектептегі мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы қалай? Жалақылары көңілден шыға ма?

- Мұғалімдердің жалақысы жақсы ғой... Жақсы алады. Ол сағатқа және санатына байланысты да болады. Сынып жетекшілігіне және дәптер тексергеніне де ақша қосылады. Оған қоса еңбек өтілі де, санаты да жалақысына айтарлықтай әсер етеді.

- Балалардың білім деңгейі жайлы не айта аласыз...

- Былтыр білім сапасы 34% болды. Қазір енді осы тоқсанда 56%-ға көтеріліп, қаланың орташа деңгейіне жеттік. Бұрын білім сапасы төмен еді. Өйткені бізден 300 кетсе, оның орнына 500 бала келеді. Оқушылар тұрақты емес. Өйткені біздің аудандағы үйлердің көбі сүріліп жатыр. Оқушылардың басым көпшілігі Шымкент, Тараз және Сарыағаштан келеді. Яғни сауда-саттықпен айналысатын адамдар келеді.

- Жақында Оқу-ағарту министрлігінің есеп беру кездесуінде әріптестеріңіздің бірі сынып жетекшілеріне жеке штат беру керегін ұсынды. Осыған қатысты ойыңыз қалай?

- Иә, осындай ұсыныс айтылып жатыр. Өйткені сынып жетекшілік үшін қосымша 10 мың теңге ғана қосылады. Әрине, керек. Жеке маман болғанда жұмысқа басқаша қарайды. Ал қазір пән мұғалімінің сабағы бар, оған қоса сынып жетекшілігі бар. Жалпы қаншама баламен жұмыс істейді.

- Сынып жетекшісінің негізгі міндетіне не кіреді?

- Сынып жетекшінің негізгі міндеті – баланың қауіпсіз білім алуына жағдай жасап, балаларды тәрбиелеу. Ол әр оқушыны зерттейді, әлеуметтік жағдайы қалай, ол баланы қай бағытта дамытуға болады, баланың бағын қалай ашуға болады – осының бәрін сынып жетекшісі жүргізеді. Ал сынып жетекшісі осы мәселелерді әлеуметтік-педагогпен және психологпен шешеді.

Баланың мінез-құлқына қатысты мәселелерді сынып жетекшісі психологқа айтады. Одан кейін психолог ол баламен жұмыс жүргізіп, онымен қалай жұмыс істеу керегін пән мұғаліміне айтады.

Жұмыс көзге көрінбейтін, кішкентай сияқты, бірақ сынып жетекшілері ауқымды жұмыс атқарады. Кейде ата-анаға қарағанда баланы мұғалім көбірек білетіндей көрінеді.

- Гүлнұр Ерсайынқызы, мектеп және әріптестеріңіз жайлы біраз ақпарат бөлістіңіз. Енді өзіңіз туралы да айтсаңыз...

- Өзім физик-информатикпын. Информатика пәнінен 8-10 сыныптарға сабақ беремін. Бізге (директорларға – ред.) 8 сағаттан артық алуға болмайды.

30 жыл еңбек өтілім бар. Шәкәрім атындағы педагогикалық институтты бітіргенмін. 1999 жылы институтты бітіргеннен кейін Астанаға жұмыс іздеп келдім. Содан бері елордада еңбек етіп келемін. Алғашқы жұмысымды №21 орта мектепте физика мұғалімі болып бастадым. Содан кейін №73 мектеп-лицейінде ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары болдым. Одан кейін 2019 жылы осы мектепке басшы болып келдім.

- Директорлардың ротациясы жүйесіне қатысты не айта аласыз?

- Қазір осы мектепке келгелі оны дамыту бағытында жұмыс істеп келе жатырмын. Мысалы, келдіңіз, бір бағыт бойынша жоспар құрдыңыз. Оны 5 жылдың ішінде орындайсыз. Одан кейін қалай дамисыз?! Ротация болған кезде тағы жұмыс істейсіз, бір орында отырып қалмай, ізденесіз.

- Гүлнұр Ерсайынқызы, уақытыңызды бөліп, мектептің жұмысымен таныстырып, сұрағымызға жауап бергеніңізге алғыс айтамын.

Өзгелердің жаңалығы