"Арыстан" лицейінде Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы аталып өтілді

21 Мамыр 2024, 14:50
1261
Бөлісу:
"Арыстан" лицейінде Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы аталып өтілді
Фото: "Арыстан" мамандандырылған лицейі

"Арыстан" мамандандырылған лицейінде Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.  

Мерейтой құрметіне орай мұғалімдердің, Сағадат Нұрмағамбетовтің туыстары мен лицейдің жоғары сынып оқушыларының қатысуымен конференция өтті.

"Арыстан" лицейінде Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы аталып өтілді

Сағадат Нұрмағамбетов – батылдықтың, Отанға қалтқысыз қызмет етудің және ерліктің үлгісі. Ол 60 жастан асқан шағында Қазақстан армиясын құрумен айналысты. Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған іс-шаралар ерекше ықыласпен ұйымдастырылды, оның отбасы мүшелерінің қатысуы біз үшін тебіреніске толы жағдай. Біздің лицейде Сағадат Нұрмағамбетовтің немересі оқитынын мақтан тұтамыз, - деді "Арыстан" мамандандырылған лицейінің бастығы Мұрат Майкеев. 

Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. 1942 жылдан бастап өмірі әскери іспен байланысты болды.  1943 жылы сәуірде Түркістан пулемет училищесінде оқығаннан кейін жас Нұрмағамбетов Екінші дүниежүзілік соғыс майданына аттанды. 

"Арыстан" лицейінде Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы аталып өтілді

1945 жылдың мамырына дейін ол 5-ші соққы беруші армиясының Суворов орденді Сталин атындағы 301-ші атқыштар дивизиясының 1052-ші атқыштар полкінің құрамында соғысқан. Оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Нұрмағамбетов басқа да көптеген марапаттардың, оның ішінде "Алтын жұлдыз" медалінің иегері атанды. Соғыстан соң ардагер әскери қызмет жүйесінде еңбек етті.

1991 жылғы қазанда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Нұрмағамбетов Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы 7 мамырда Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінде Сағадат Нұрмағамбетовке генерал-полковник және армия генералы әскери атақтары берілді. 1994 жылы мамырда Президенттің жарлығымен "Алтын Жұлдыз" №1 табысталып, "Халық қаһарманы" атағы берілді.

 

Өзгелердің жаңалығы