АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен соғыс жалғасып жатқан кезде америкалықтарды бензиннің қымбат бағасына дайын болуға шақырды. Оның айтуынша, егер бұл арқылы Тегеранның ядролық қаруға ие болуына жол берілмесе, жанармайға артық ақша төлеуге болады.
Трамп Нью-Йорк штатындағы Гарден-Ситиде өткен саяси митингіде америкалықтардың біраз уақыт қымбат жанармайға көнуіне тура келетінін айтты.
Оның сөзінше, «өте қауіпті елдің» ядролық қаруға ие болуына жол бермеу үшін бензинге аздап артық төлем болады. Трамп Иран тарапынан төнетін ядролық қатерді соғыстың негізгі себептерінің бірі ретінде атап отыр.
Бұл ретте жанармай бағасының өсуі америкалық жүргізушілерге айтарлықтай әсер етіп үлгерді. АҚШ-та бензиннің орташа бағасы бір галлонға шамамен 4,08 долларға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 29 пайызға жоғары.
Бензин неге қымбаттады?
Негізгі себептердің бірі – Ормуз бұғазындағы жағдай. Соғыс басталғанға дейін әлемдегі мұнай жеткізілімдерінің шамамен бестен бірі осы бұғаз арқылы тасымалданған. Кеме қатынасының шектелуі мұнай жеткізіліміне қауіп төндіріп, әлемдік мұнай мен жанармай бағасына әсер етуде.
Иран шегінуге ниетті емес екенін мәлімдеді. Елдің сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади бұғаздың ашылуы немесе жабылуы «тек Иранның бұйрығымен» жүзеге асатынын айтты.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи де Тегеранның Вашингтонмен келіссөздерді қайта бастау туралы әзірге шешім қабылдамағанын мәлімдеді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, қақтығыстың жақын арада аяқталатынын көрсететін белгілер әзірге жоқ. АҚШ пен Израиль қатысқан соғыс 28 ақпанда басталған.
Трамптың бұл мәлімдемесі оның бұған дейін америкалықтарға энергия тасымалдаушылардың бағасын төмендетуге уәде бергенін ескерсек, ерекше назар аударды. Енді соғыс жалғасып жатқан жағдайда АҚШ президенті халықты бензиннің жоғары бағасына уақытша көнуге шақырып отыр.