Артық қалдықтарды рұқсатсыз қалдыру орындары көп

15 Маусым 2022, 12:24
1813
Бөлісу:
Артық қалдықтарды рұқсатсыз қалдыру орындары көп
Фото: tengrinews.kz

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия Сүлейменова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен конференцияда артық қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру орындары туралы айтты.  

2018 жылдан бері Экология министрлігі «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясымен бірігіп жұмыс істейді. Біз қалдықтарды орналастыру орындарының ғарыштық мониторингін елді мекендер аумағында мамырдан қыркүйектің соңына дейін жүргіземіз, – деді ол.

Сондай-ақ вице-министр артық қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру орындары бойынша былтырғы деректермен бөлісіп, мұндай орындар ең көп табылған облыстарды атады.   

2021 жылы 7 мыңнан артық қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру орындары анықталды. Олардың 89 пайызы жойылды. Қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру орындары ең көп табылған аймақтар: Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары. Маңғыстау облысында қалдық орындарын жою жұмысы әлсіз жүргізілді. Мұндай орындардың тек 59 пайызы жойылды, – деді Зүлфия Сүлейменова. 

Өкініштісі, биылғы мамырдан басталған ғарыштық мониторинг нәтижесінде,  1500 қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру орындары анықталып отыр. Ендігі кезекте оларды жою кестесі жасалатын болады.         

Өзгелердің жаңалығы