Бас жаңалықтар

Para Powerlifting–2019. Қазақстанның алғашқы тәжірибесі

Дәл қазір елордадағы Конгресс-орталықта әлемнің 76-ға жуық елінен келген пара атлеттер пауэрлифтингтен әлем чемпионын анықтап жатыр. Қазақстан Паралимпиада тарихында мұндай масштабтағы шара алғаш рет өтіп жатыр.
WhatsApp Image 2019-07-18 at 18.11.29.jpeg

Ғимарат ішінде атлеттер, бапкерлер, арнайы мамандар, ұйымдастырушылар мен жасөспірім волонтерлар көп.

para powerlifting39.jpg
Кез келген сұраққа жауап беріп, көмекке ұмтылатын волонтерлардың барлығы ағылшын тілін меңгерген. Түрік, араб, қытай, испан, неміс, орыс тілінде еркін сөйлейтіндері де бар. Барлығы 300-ге жуық бала зырылдап жүр. Аружан Ерболатова 4 тілде еркін сөйлейді. Қазір корей тілін оқып жүр. 16 жастағы қыз қалай волонтерлардың дайындығы мен делегаттарды күтіп алған кездегі қызық оқиғасымен бөлісті.
WhatsApp Image 2019-07-19 at 11.02.04.jpeg

«Волонтерлер үшін оқу, брифингтер 4-5 рет ұйымдастырылды. Дәл осы шараға байланысты бізді тыңғылықты дайындады. Мысалға, паралимпиядашылармен қалай сөйлесу керек, қандай сөздерді айтпаған жөн, түрлі жағдайға байланысты өзіңді қалай ұстау керек, қандай шешім қабылдау керек және т.б. түрлі бағытта оқыдық. Мен қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеймін және корей тілінің бастауыш деңгейін оқыдым. Өзім түрік тілін жаттықтыру үшін Түркия құрамасын таңдадым. Басында кішкене қиындау болды. Кішкене ұялшақтап жүрдім. Бір қызық болды. Ең бірінші күні команданың бапкері қонақүйде кондиционердің температурасын басуды өтінді. Бірақ түрікше кондиционер дегенді түсінбедім. Сөйтіп ыммен, қолмен көрсетіп бір-бірімізді ұқтық. Күліп алдық. Сонда кей сөздерді білмей қалатыныма көзім жетті. Қуандым. Еркін сөйлеп жүргенмен, кей терминдерді, сирек қолданатын сөздерді білмей қалатын кездер осындай болады екен деп өзіме түйіп алдым. Ал, қазір командамен дос болып кеттік. Үнемі қастарындамын. Жарысқа бірге келеміз, кез келген сұрағына жауап беріп, іздегенін тауып беремін», - дейді ол.

Сириядан келген спортшы өз құрамасы мен еліндегі паралимпиадашылардың дайындығы туралы айтып берді. Онымен сөйлесу үшін аудармашы ретінде Ибрагим есімді волонтер келді. Арабша аударма жасады.
para powerlifting34.jpg

«Сириядан 7 адам болып келдік. 4 спортшы, 2 жаттықтырушы және команданың басшысы – teamlider. Бүгін 41 кг жоғары салмақта жарысып, 90 кг нәтижемен қола медаль алдым. Біздің команда үшін үлкен жеңіс десем болады. Параспорттың осы түрімен 10 жылдан бері айналысып келемін. Жетістігім көп. Дегенмен, қазіргі жарыс әлем чемпионаты болғандықтан, мұндағы қатысушылардың барлығы – мықты қарсыластар. Қазақстан, Ресей, Малайзия, Ұлыбритания, Қытай және т.б. елдерді ерекше атап өтуге болады. Елімізде паралимпиадашылардың ешқандай проблемасы жоқ. Параспортпен айналысатын спортшы көп, тек бүгін аз құраммен келдік», - деді сириялық спортшы Нури.

WhatsApp Image 2019-07-19 at 11.06.12.jpeg

Жарыстың талисманы – Арлан келген қонақтармен естелік суретке түсу үшін жүр.

para powerlifting25.jpg
Жарыс болып жатты. Тürkiye деген жазуы бар футболкадағы қызды әңгімеге тарттым. Аружан айтпақшы, түрікшемді «сынап көрейін» дедім. «Çok iyi anlaştık» (бір-бірімізді жақсы түсіндік – авт.). Ол спортшы емес, физиотерапевт екен. Өз мамандығының маңызды тұстарын және түркиялық команданы таныстырды. Айтуынша, олар жарысқа келерде Түркияның ақшасын үнемдеу жағын ойлаған.
para powerlifting23.jpg

«Біз Түркиядан 10 адам – 6 спортшы, 2 бапкер, 1 teamlider және мен физиотерапевт болып келдік. Спортшылардың 5-еуі – әйел, біреуі – ер адам. Көбі Аданадағы жаттығу лагерінен, мен болсам Анкарадан келдім. Бәріміз Стамбұлда кездесіп, Нұр-Сұлтанға жол тарттық. Ауыр атлетикада спортшылар мойны, жұлыны жарақаттанады. Күміс медаль алған қызымыз бірнеше ай бұрын сондай жарақат алған еді. Алты ай емделді. Арнайы емдік курс қабылдады. Әлі де емделіп жатыр. Сол жарақатына қарамастан екінші орын алғаны – үлкен нәтиже. Енді болашақта толық жазылып, алтын медаль алады деген үміт бар. Мен физиотерапевт ретінде олардың денсаулығына жауаптымын. Жарысқа ешқандай жарақатсыз жарысқа алып келу – міндетім. Кейде спортшы жарақат алғанын байқамауы мүмкін, бірақ біз олардың денсаулығын тексеріп, бақылап отырғандықтан анықтаймыз. Сосын ем тағайындаймыз», - деді ол.

para powerlifting40.jpg

Волонтерлардың "қызық" тақтасы

Әрі қарай сахнаның сыртына өттік. Ол жаққа кез келген адамға кіруге болмайды. Арнайы бэйджі бар тұлғалар ғана еркін жүре алады. Спортшылар мен бапкерлер жаттығу жұмыстарын жасап жатыр екен. Арасынан еліміздің формасын көріп, бапкердің қасына бардық.
para powerlifting57.jpg

para powerlifting49.jpg

«Бүгін менде 79 кг дейінгі салмақта Байжанова Айгүл деген спортшым қатысады. Дәл қазір жарыс алдындағы дайындық жасап жатырмыз. Қазақстан құрамасының атынан шығып жүрген спортшы. Өткен жылы Азия чемпионатына қатысты. Оған дейін Қазақстан чемпионаттарына қатысқан. Енді міне алғаш рет әлем чемпионатына қатысып жатыр. Өз салмағында ел чемпиондары іріктеліп келгендермен жарысқа түседі. Қазақстан чемпионы болғандықтан осы додамыз. Әлем бойынша үздің сегіздікке кірсек те үлкен жетістік болады. Келесі жылдың басында Манчестер қаласында, содан кейін Дубайда екі рет әлем кубогы болады. Соларға да қатысамыз. Токио Олимпиадасына берілетін ең соңғы мүмкіндік – Дубайдағы әлем кубогы. Осылардың барлығына қатысып, жолдама аламыз деген үмітіміз бар», - деп жоспарымен бөлісті Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы Рысбаев Бақытбек.

para powerlifting53.jpg

para powerlifting59.jpg

Атлеттер жарыс алдында сахнадан өтуге дайын тұр

para powerlifting50.jpg

Атлетшілердің қолына арналған ұнтақ (тальк)

Әрі қарай тағы бір есіктен шықтық. Фотоаппарат ұстаған жігіт тұр. Қасында әппақ «фон» бар. Бұл жақта «не қызық» бар десек, фотограф Жәнібек Бақыт былай жауап берді.
para powerlifting65.jpg

Фотограф Жәнібек жұмыс барысында


«Мен – жалдамалы фотографпын. Көбіне портрет фото түсіремін. Бүгінгі әлем чемпионатында атлеттер салмағын өлшегеннен кейін маған олар волонтер алып келеді. Мен түсіремін де, олардың суретін шығарып отыратын маманға жолдаймын. Ол таблоға қойып отырады», - деді ол.
Жәнібектің қасында волонтер тұрды. Қолында қағазы мен қаламы бар. Сөйтсек, фотографқа атлеттерді әкеліп, тізімін тізгіндейтін жауапты екен.
para powerlifting64.jpg

Әділет тізімнен спортшының аты-жөнін іздеп жатыр


«Мен – волонтермын. Салмақ өлшемінен өткен спортшыларды тізім бойынша портрет фотоға түсуге алып келемін. Жәнібек фотоға түсірген соң, спортшыны белгілеп аламын. Тізімде белгіленбеген спортшы болса, демек фотоға түспеді деген сөз. Бірақ бүгінге дейін ондай жағдай болмады. Барлық атлет өз жарысының алдында уақтылы келеді. Жұмысым қатты ұнайды. Нұр-Сұлтанда осындай чемпионат өтіп жатқанына қуанамын. Бізге үлкен мүмкіндік. Қаншама елдің азаматтарын көрдік», - деді волонтер Әділет Байбосынов.
Олар қай жерде салмақ өлшеп жатыр деген оймен тағы әрі жылжыдық. Кезегі келіп тұрған спортшылар тағы тізіммен салмақ өлшейтін кабинкаларға кіріп жатыр.
para powerlifting62.jpg

Осылайша сахнаның ар жағында қайнап жатқан «істермен» таныстық. Эфир арқылы бер жағын ғана көріп қалған көрермен үшін экран сыртындағы мамандардың, шаралардың барысын қысқаша осылай баяндай аламыз.

Ал, басты мқсатымыз Қазақстанда енді ғана қадам басып дамып жатқан паралимпиада бағытындағы үлкен серпілісті көрсету еді. Арбадағы жандарға қонақүй ыңғайлау, мүмкіндігі шектеулі жандармен «дұрыс» әңгімелесе білу, этикат нормаларын сақтау, не дегенмен сырттан келген 450-ге жуық адамның бабын баптап, әлемдік аренада жарыс өткізу – оңай емес. Қазақстанның имиджінен бөлек, еліміздің түкпірінде төрт қабырғаға қарап отырған мүмкіндігі шектеулі жанның спортқа деген құлшынысы артса да, Қазақстан Ұлттық паралимпиадасы үшін құнды жеңіс! 








Сізден жаңалық