Асар. Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсеткен елдер

Асар. Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсеткен елдер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пандемия кезінде Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсеткен елдер баршылық. Қашықтан оқу кезінде компьютер, аурумен күресу үшін медициналық қорғаныш құралдары, дәрі-дәрмек келді. Тәжірибе алмасып, қазақстандық науқастарды емдеуге жәрдемдесу үшін бірқатар елдің дәрігерлері де ат басын тіреді. Қандай ел қандай көмек жіберді? Оқи отырыңыз.

Ең алғашқы гуманитарлық көмек АҚШ-тан келді

13 наурыз түнде USAID пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері Қазақстан Үкіметіне COVID-19 жұқпалы ауруымен күресу және оның таралуын болдырмау үшін жіберген жеке бас қорғанышы құралдары бар жүк келді. WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.52.jpeg

АҚШ мұнымен тоқтамай, гуманитарлық көмекті бірнеше мәрте қайталады.

АҚШ-тың Қазақстандағы миссиясы қауіптерді азайту агенттігі (DTRA) арқылы Қазақстанның Қорғаныс министрлігіне екінші мәрте жеке қорғаныс құралдарын тапсырды.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.51.jpeg

Бұл қажетті қорғаныс құралдары коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы сапта тұрған медициналық қызметкерлердің пайдалануы үшін Орталық әскери емханаға берілді.

АҚШ Үкіметі Қазақстан Республикасымен бірлесе отырып, елдегі COVID-19-ды жеңуге 6,5 миллион доллардан астам сомада көмек көрсетті.

Сонымен қатар, сәуірдің соңында АҚШ қазақстандық медиктерге қорғаныс құралдарын жіберді.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.52 (1).jpeg

Нұр-Сұлтандағы АҚШ елшілігі қорғанысқа төнетін қауіп-қатерлерді азайту агенттігінің атынан қайырымдылық ретінде қаланың медицина қызметкерлері қолдана алатын жеке қорғаныс құралдарын сыйлады. 

Оларды жергілікті ауруханаларға тапсыру үшін жабдықты Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев пен "СК Farmacia" Директорлар кеңесінің төрағасы Берік Шәріп (сол кездегі) "СК-Фармация" атынан қабылдады.

Ержан Ашықбаев Америка құрама штаттары COVID-19-ға қарсы күресте Қазақстан Үкіметін бірінші болып қолдаған мемлекет екенін атап, елші Мозерге алғыс айтқан еді. 

Жабдықты тапсыру кезінде елші Мозер «жеке қорғаныс құралдарынан басқа, АҚШ бүгін USAID-тің Қазақстанға COVID-пен күресу үшін қосымша 800 000 доллар бөлетінін мәлімдеді.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.56 (2).jpeg

Біздің берік серіктестік, оның ішінде CDC, USAID, DTRA және Қазақстан арасындағы ондаған жылдар бойы келе жатқан ынтымақтастығы осы дағдарыс кезінде және ұзақ уақыт бойы жалғасады, - деген еді елші.
 

ДДСҰ Қазақстанға 53 тонна гуманитарлық көмек жіберді

Гуманитарлық көмек 1 миллион 622 мыңнан астам респираторлық және медициналық бетперде, 62 мың 600 дана бетке арналған қорғаныс қалқаншасы мен көзілдірік, сондай-ақ, 120 мыңға жуық халаттан тұрады. Жүктің жалпы сомасы 2 миллион 700 мың АҚШ долларына бағаланды.

Алғашқы көмек көрсеткен елдердің қатарында Қытай да бар

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесуінің қорытындысы бойынша қытай тарапының Қазақстанға гуманитарлық көмек беруі туралы уағдаластыққа қол жеткізіледі.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.56 (3).jpeg

Нәтижесінде, Алматы қаласының әуежайына бірінші гуманитарлық көмектің партиясы келді. 

Оның ішінде тепловизор, тест жиынтығы, медициналық бахила, қолғап, көзілдіріктер және медициналық киім болды.

Алматы әуежайында жүкті "СҚ-Фармация", Алматы қаласындағы ҚР СІМ өкілдігі, ҚХР Бас консулдығы өкілдері күтіп алды.

Қытай Халық Республикасының Үкіметі жолдаған медициналық гуманитарлық көмектің кезекті партиясы тағы да Алматы қаласының халықаралық әуежайына жеткізілді.

Жүк құрамына COVID-19 індетін анықтауға арналған 50 мың тест-жүйе, сондай-ақ, 70 мың қорғаныс көзәйнегі, 150 мың медициналық қолғап, 1000 түйіспесіз термометрлер, 30 мың қорғаныс костюмі мен 600 мың маска кірді.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.56.jpeg 

Қорғаныс құралдары медициналық мекемелер мен ұйымдар арасында таратылады.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ҚХР Үкіметіне жаһандық пандемия жағдайында ұсынылған гуманитарлық жүк үшін ризашылығын білдірді.

Біздің қытайлық әріптестеріміздің игі әрекеті Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға деген бекемдігін көрсетеді, - деді Сыртқы істер министрлігінің өкілдері.

Атақты Джек Ма да Қазақстанға көмек көрсетті

2020 жылғы 10 сәуірде Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қолдауымен Шицзячжуан қаласынан (Хэбэй провинциясы) "Джек Ма" және "Alibaba" қорларынан медициналық қорғаныс құралдары Алматы қаласына жеткізілді.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.55.jpeg

Көлемі 4,5 тонна құрайтын гуманитарлық жүктің ішінде 500 мың түрлі медициналық маска, 5 мың қорғаныш костюм, 50 мың медициналық қолғап, сондай-ақ, түйіспесіз термометрлер бар.

Джек Ма, мұнымен тоқтамай, 1 мамырда  гуманитарлық көмектің екінші партиясын Алматыға жіберді.

Алматыға "Джек Ма" және "Alibaba Group" қорларының гуманитарлық көмегінің екінші партиясы жеткізіліп, оның ішіне тест жүйелері (50 016 дана) мен өкпені жасанды желдету аппараттары (30 дана) кірді.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.54 (2).jpeg

Гуманитарлық жүкті медициналық мекемелер арасында тарату үшін бірыңғай дистрибьютор – "СҚ-Фармация" ЖШС қабылдап алды. 

Үрімшіден арнайы ұшақпен гуманитарлық көмек Нұр-Сұлтанға жетті

24 сәуірде ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы ұшағымен Үрімшіден (ҚХР) Нұр-Сұлтанға медициналық жүк жеткізілді. 

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.59 (2).jpeg

Медициналық бұйымдарды Қытайдың бірқатар провинциясы, мемлекеттік органдары және компаниялары жолдады. 

Медициналық жүк маска (131500 дана), қолғап (10900 дана), термометр (100 дана) және арнайы қорғаныс киімдерден (720 дана) тұрады. Бұл гуманитарлық көмек Қазақстан мен Қытай халықтарының берік достығының анық айғағы. 

Қытай дәрі-дәрмектен кейін дәрігерлерін де жіберді 

Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономды ауданынан 10 дәрігер Қазақстан астанасына келді.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.53 (3).jpeg

Делегацияны ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров күтіп алды.

Бүгін қытайлық әріптестерімізді қарсы алдық. Бұл кездесу екі ел басшыларының уағдаластығы аясында өтуде. Біз үшін бұл кездесу сөзсіз маңызды, себебі Қытайдың эпидемиология мәселелеріндегі емдеу тәжірибесі мен зерттеулері маңызды болып отыр. Қытайдан 10 дәрігер арнайы келді, олардың арасында пульмонолог, эпидемиолог мамандар, қоғамдық денсаулық сақтау сарапшылары бар. 15 күндік іссапарда олар коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды диагностикалау, емдеу және қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерін талқылайды, - деді вице-министр.  
Түркия да көмек көрсетуден қалыс қалмады 

Қазақстанда 90-жылдардан бері инвестициялық қызмет атқарып келе жатқан түркиялық Magdenli Yer Hizmetleri ve Tasima компаниясы Атырау облысына гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. 

Түркиялық инвестор жалпы көлемі 650 кг болатын медициналық көзілдірік, латекстен жасалған қолғап, маска және комбинезондар жіберді.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.59 (1).jpeg

Magdenli компаниясының иесі Керем Мағденлиден гуманитарлық көмекті қабылдау кезінде Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы Қазақстанда жұмыс атқаратын бауырлас Түркия мемлекетінің инвесторлары COVID-19-бен қарсы күресте белсенділік танытып, осы уақытқа дейін жан-жақты көмек көрсетіп жатқанын атап өтті.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.58 (2).jpeg

Сондай-ақ, Алматыға Түркия республикасының Үкіметі атынан гуманитарлық жүк жеткізілді. Оның ішінде медициналық маскалар (150 000 дана), бетке арналған қорғаныс экрандары (50 дана), көзді қорғайтын көзәйнектер (100 дана), комбинизондар (300 дана) және дезинфекциялық құралдар бар.

Сонымен қатар, 11 мамырда Түркияның жетекші фармацевтикалық өндірушісі "Abdi Ibrahi" компаниясы да COVID-19 коронавирусымен күресуде белсенді қолданылатын, құрамында хлорокин бар "Kutlu" дәрісі мен ацетилцистеин препаратын Қазақстанға гуманитарлық қолдау ретінде жібергенін атап өткен жөн.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.58 (1).jpeg

Сонымен қатар, күні кеше бауырлас жұрт жіберген тағы 30 дана өкпені жасанды желдету аппараты, 50 000 дана “N95” бетпердесі, 100 000 дана медициналық бетперде, 35 000 дана қорғаныш костюмі, 2 000 дана бет қорғаушы маска жолдады.

Оған қоса, гуманитарлық көмектің құрамында 2 дана ПТР талдауына арналған жабдық, 30 000 дана SARS-CoV-2 (2019-nCov) RT-qPCR лабораториялық талдау сынауығы, 30 000 дана вирустық нуклеин қышқылын оқшаулау сынауығы, 10 000 қорап гидроксиохлорокин дәрісі бар.

БАӘ 13 тонна гуманитарлық көмек жіберді 

Біріккен Араб Әмірліктері билігінің шешімі бойынша Қазақстанға гуманитарлық көмек партиясы келген еді.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.53.jpeg

Біздің елдеріміз арасындағы дәстүрлі жылы және достық қарым-қатынастардың, сондай-ақ коронавируспен күрес жөніндегі бірлескен күш-жігердің арқасында БАӘ-ден бортында жалпы салмағы 13 тоннаны құрайтын толық медициналық қорғаныс құралдары, жартылай медициналық қорғаныс құралдары, бір реттік қолғаптар, медициналық маскалар, бахилалар, антисептиктер және өзге де медициналық құралдар бар ұшақ келіп қонды.

Катар 8,5 тонна гуманитарлық жүк жіберді  

"Qatar Airways" әуекомпаниясының арнайы рейсімен Дохадан Нұр-Сұлтанға жалпы салмағы 8.5 тонна құрайтын гуманитарлық жүк жетті.

Оның ішінде жеке қорғаныс құралдары бар - жоғары сапалы N95 респираторлы медициналық маска, арнайы киім, қолғап, көзілдірік, халат және өзге де медициналық құралдар.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.55 (2).jpeg

Көмек Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танидің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды. Қатардың бұл игі әрекеті екі мемлекет арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастың, сондай-ақ пандемияға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық күш-жігердегі ынтымақтастықтың көрінісі, - делінген СІМ хабарламасында.
Гуманитарлық жүк медициналық мекемелер арасында одан әрі тарату үшін "СҚ-Фармация" ЖШС-на табысталады. 

Жапония гуманитарлық көмекті 14 мамырда жіберді
 Жапония Үкіметі гуманитарлық көмек ретінде 12,200 таблеткадан тұратын препараттарды 14 мамырда Алматы қаласына жолдады.

Бұл жаңа түрлі коронавирусты емдеу үшін қолданылатын дәрі-дәрмектер. Гуманитарлық көмек "Scat" әуе компаниясының арнайы рейсімен жеткізіліп, медициналық мекемелер арасында одан әрі тарату үшін "СҚ-Фармация" ЖШС-ға табыс етілді.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Жапония Үкіметіне екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік рухына сай келетін достық ықыласы үшін алғыс айтты. 

Жапонияға көршілес Оңтүстік Корея да аянып қалмады 

Оңтүстік Корея COVID-19 анықтауға арналған ПТР тест партиясын жеткізді.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.57 (3).jpeg

Қазақстанның Сеулдегі елшілігінің қолдауымен Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Medical Partner Korea медициналық клиникасынан COVID-19 індетін анықтайтын 1000 дана медициналық тестін сыйға алды.

Грузия ӨЖА аппараттарын жолдады   

Тбилисиден Алматыға "Грузияның индустриялық тобы" директорлар кеңесінің төрағасы Давид Бежуашвилидің атынан Нұр-Сұлтан медициналық мекемелері арасында таратылатын өкпені жасанды желдету аппараттарының 10 жиынтығын қамтитын гуманитарлық жүк жеткізілді.  

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.57 (2).jpeg

Қазақстан СІМ достас Грузия халқына, "Грузия индустриялық тобының" басшысы Давид Бежуашвилиге коронавирус пандемиясымен күресте көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты. 

Еуропада да көмектесті 

Польшадан отандық "SCAT" әуекомпаниясының чартерлік рейсімен  "Wipasz" поляк компаниясы өндіретін көп мәрте қолданылатын медициналық маскаларын (100 мың дана), сондай-ақ князь Любомирский қорының қазақстандық оқушыларды қашықтан оқыту үшін сыйға берген компьютерлерін (ноутбуктерін) қамтыған гуманитарлық жүктің кезекті партиясы келді. 

Бұл гуманитарлық көмек ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіліне гуманитарлық көмек тапсырылды.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.53 (1).jpeg

Іс-шара барысында ҚР СІМ Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов Варшавадағы ҚР Елшілігі ұйымдастырған гуманитарлық көмек польшалық "Wipasz" компаниясының бірнеше рет қолданатын медициналық қорғаныс маскаларын, сондай-ақ Любомирский князь Қорының сыйға берген 10 ноутбугін қамтитынын айтты.

Компьютерлер қашықтан оқыту үшін көмекке мұқтаж балалар арасында таратылды.

Сонымен қатар, ноутбуктардың бір бөлігі өткен жылдың қараша айында сәтті жүзеге асырылған "Русафа" гуманитарлық акциясы аясында Ирактан Қазақстанға әкелінген балаларға берілді. 

Пәкістан 60 мың дәрі қорабын жіберді

Пәкістан Қазақстанға гуманитарлық көмек ретінде дәрі-дәрмектерді жолдады.

Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі Қазақстанның Исламабадтағы Елшілігіне коронавирус індетін емдеу кезінде пайдаланылатын гидроксихлорохиннің 60 мың дәрі қорабын табыстады. 

Өзбекстан медицина жабдықтарын жолдады

Өзбекстанның гуманитарлық медициналық жүгі Түркістанға келді.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.58.jpeg

Көрші елден көмек керуеніне 150 мың медициналық маска, 2500 қорғаныш костюмі, 150 мың медициналық қолғап, 1000 термометр және 440 төсек-орын кірді. Бұл көмек Түркістан облысының медициналық мекемелері арасында бөлінді.

Көрші Ресей де көмегін аямады  

8 шілдеде Нұр-Сұлтанға Ресей Федерациясы ТЖМ арнайы бортымен Қазақстан тарапы үшін гуманитарлық жүк жеткізілді. 

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.57 (1).jpeg

РФ гуманитарлық көмегіне медициналық маска, қорғаныс киім жиынтықтары мен медициналық препараттар кіреді. Қазақстандағы гуманитарлық көмектің бірыңғай операторы "СҚ-Фармация" ЖШС болып табылады. 

Сондай-ақ, ресейлік дәрігерлер Қазақстанға келді.

Ресей ТЖМ арнайы рейсімен Нұр-Сұлтан қаласына Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігінің және Роспотребнадзордың бір топ дәрігерлері келді. 

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.57.jpeg

32 адамнан тұратын топқа эпидемиолог, вирусолог және басқа да бейінді бағыттардағы дәрігерлер кірді.

Ресейлік мамандар қазақстандық дәрігерлерге коронавирустық індет пандемиясымен күресуде консультациялық және практикалық көмек көрсететін болады.

Бүгін бізге Ресей Федерациясы денсаулық сақтау вице-министрі Олег Гридневтің басшылығымен 32 адамнан тұратын ресейлік әріптестер тобы келді. Бұл сапар еліміздің басшылығы деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтардың арқасында өтті. Сапардың негізгі мақсаты – коронавирустық инфекциямен күрес бойынша тәжірибе алмасу. Қазақстандық және ресейлік дәрігерлер арасында бұрыннан қалыптасқан тығыз байланыс бар екені құпия емес. Бұл өте маңызды, өйткені бүкіл әлем бүгінде коронавируспен ауырған науқастарды әрі қарай емдеудің жаңа тәсілдері мен жолдарын іздеп жатыр. Жалпы, Ресей Федерациясының дәрігерлері, эпидемиологтары біздің қазақстандық әріптестерімізбен Нұр-сұлтан қаласында, сондай-ақ эпидемиологиялық шиеленіскен өңірлерде: батыс немесе оңтүстік өңірлерде жұмыс істейтін болады, - деді оларды қарсы алу барысында ҚР денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов.  

Ал Қазақстан кімге көмектесті?

Қазақстандық гуманитарлық көмекті Ауғанстан Ислам республикасының халқына жасады.

Барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, ішінде 1900 тонна ұн, 500 тонна макарон өнімдері, 4 мың литр күнбағыс майы және 200 мың қоюлатылған сүт банкалары кіретін 46 вагон гуманитарлық жүк ауғандарға жеткізілді.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.52 (2).jpeg

Ресми іс-шараға Балх провинциясы әкімшілігінің, Ауғанстан СІМ және Қазақстанның АИР-дағы елшілігінің өкілдері қатысты.

Аталған азық-түлік өнімдерін АИР үкіметі елдің мұқтаж аймақтарына таратты.

Тәжікстанға көрсетілген көмек 

Қазақстандық ұн барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып темір жол арқылы Тәжікстанға жеткізілді.

Осы жүк куәлігін Қазақстанның Душанбедегі елшісі Асқар Тәжібаев Тәжікстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттігі директорының орынбасары Сохибджон Зиёдуллоевке тапсырды.

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.59.jpeg

А.Тәжібаев өз сөзінде Қазақстан жыл сайын бауырлас Тәжікстанның халқына гуманитарлық көмек көрсетіп келе жатқанын және 2006 жылдан бері оның жалпы сомасы 38 млн. АҚШ долларынан асқанын атап өтті.

Өз кезегінде С.Зиедуллоев алғысын білдіре отырып, тәжік тарапы Қазақстан Республикасы Үкіметінің көрсеткен көмегін жоғары бағалайтынын атап өтті. 

Қазақстан Қырғызстанға да көмек жіберді

Қазақстаннан ұн түрінде жіберілген гуманитарлық көмектің алғашқы партиясы (800 тонна) Қырғыз Республикасына жеткізілді. 

WhatsApp Image 2020-07-15 at 09.42.53 (2).jpeg

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия кезінде көрші елдерге қолдау көрсету мақсатында Қырғызстан мен Тәжікстанға жалпы сомасы 3 млн. АҚШ долларынан астам қаражатты құрайтын әр елге 5 мың тонна ұн түрінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдаған болатын. 

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жаһандық пандемия жағдайында ұсынылған гуманитарлық жүк үшін барлық елге ризашылығын білдірген болатын. Күрделі кезеңде гуманитарлық көмек көрсеткен елдердің игі әрекеті Қазақстанмен арадағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтып, бекемдей түсетіні сөзсіз.

Бөлісу: