«Арсенал» бас тартқан: «Алтын доп» иегері Харри Кейн туралы 10 дерек

«Бавария» сапында 61, Англия құрамасында 12 гол соққан Харри Кейн 2026 жылғы «Алтын допты» иеленіп, 25 жылдық үзілістен кейін бұл марапатты алған алғашқы ағылшын футболшысы атанды.

27 Қазан 2026, 10:08
АВТОР
 instagram.com/ballondorofficial 27 Қазан 2026, 10:08
27 Қазан 2026, 10:08
280
Фото: instagram.com/ballondorofficial

Бала кезінде «Арсеналдан» шығарылған, бірнеше клубта жалға ойнаған және ұзақ жылдар бойы үлкен жүлде ұта алмаған Харри Кейн ақыры әлемнің үздік футболшысы атанды. 33 жастағы ағылшын шабуылшысы 2026 жылғы «Алтын допты» жеңіп алып, 25 жылдан бері бұл марапатқа қол жеткізе алмаған Англия футболының тарихын өзгертті. BAQ.KZ тілшісі Кейннің балалық шағы, футболдағы алғашқы қадамдары, жеке рекордтары мен оның жеңісіне әлемдік футболдың қалай жауап бергенін жинақтады.

26 қазанда Лондонда өткен «Алтын доп» марапаттау рәсімінде «Бавария» шабуылшысы Харри Кейн жылдың үздік футболшысы атанды. Ол дауыс беру қорытындысында мадридтік «Реалдың» жұлдызы Килиан Мбаппе мен «Барселона» ойыншысы Ламин Ямальдан озды. Кейн 2001 жылы Майкл Оуэннен кейін бұл марапатты алған алғашқы ағылшын футболшысы болды. Бұған дейін Англиядан Стэнли Мэтьюз, Бобби Чарльтон, Кевин Киган және Майкл Оуэн ғана «Алтын допты» иеленген. Кейн үшін өткен маусым ерекше сәтті болды. Ол «Бавария» және Англия құрамасы сапында 65 кездесу өткізіп, 73 гол соқты. Сонымен қатар сегіз нәтижелі пас берді.

Фото: instagram.com/ballondorofficial

Бес жасында футболшы болуды армандаған

Харри Кейн 1993 жылы 28 шілдеде Лондонда дүниеге келген. Балалық шағы қаланың шығысындағы Чингфорд ауданында өтті. Оның футболға қызығушылығы өте ерте оянған. Бес жасында мектептегі тапсырмалардың біріне болашақта футболшы болғысы келетінін жазыпты. Кейн бала күнінде әкесі және ағасымен бірге үйінің жанындағы саябақта доп тепкен. Әкесі қақпаға тұрып, екі ағайынды бірнеше сағат бойы өзара жарысқан. Бір қызығы, болашақ жұлдыз мектеп ауласында кәдімгі футбол добымен емес, теннис добымен ойнаған. Өзі кейін еске алғандай, кішкентай доппен жаттығу допты басқаруға көмектескен болуы мүмкін. Шамамен алты жасында жергілікті Ridgeway Rovers балалар командасына қосылды. Бұл командада кезінде әйгілі Дэвид Бекхэм де ойнаған. Кейін Кейн мен Бекхэмнің бір мектепте оқығаны белгілі болды.

«Арсенал» неге одан бас тартты?

Фото: instagram.com/ballondorofficial

Кейннің футболдағы алғашқы үлкен сәтсіздігі тоғыз жасында болды. Ол сегіз жасында Лондонның «Арсенал» академиясына қабылданған. Бірақ бір жылдан кейін клуб жас ойыншымен қоштасуды ұйғарды. Сол кезде Кейн қатарластарына қарағанда бойы аласа, физикалық тұрғыдан әлсіздеу болған. Футболшының айтуынша, ол тек 14 жасында бойы өсіп, физикалық жағынан айтарлықтай өзгерген. «Арсеналдан» кеткенімен, Кейн футболды тастамады. Жергілікті командасында жаттығуын жалғастырды. Кейін «Уотфордта» сынақтан өтіп, ақырында «Тоттенхэм» академиясына қабылданды. Осылайша, «Арсеналға» қажет болмай қалған бала кейін оның басты қарсыластарының бірі саналатын «Тоттенхэмнің» үздік сұрмергеніне айналды.

Төрт клубта жалға ойнап, тәжірибе жинады

Кейннің үлкен футболға келуі де оңай болған жоқ. «Тоттенхэм» академиясында бірнеше жыл дайындалғанымен, негізгі құрамнан бірден орын ала алмады. 2011 жылы 17 жасында «Лейтон Ориент» клубына жалға жіберілді. Кейін «Миллуолл», «Норвич Сити» және «Лестер Сити» командаларында ойнады. Тек 2014/15 маусымында «Тоттенхэмнің» негізгі шабуылшысына айналды. Сол маусымда Англия Премьер-лигасында 21 гол соғып, көпшіліктің назарын аударды. Кейін ол «Тоттенхэм» тарихындағы ең нәтижелі футболшы атанды. Клуб сапында 280 гол соқты. Ал Премьер-лигада 213 рет қарсылас қақпасын дәл көздеді.

Алайда бір мәселе болды. Кейн қанша гол соқса да, командасымен бірге ұзақ уақыт ірі жүлде жеңе алмады.

2019 жылы «Тоттенхэм» Чемпиондар лигасының финалына жетті. Бірақ шешуші ойында «Ливерпульден» жеңілді. 2023 жылы Кейн Германияның «Бавария» клубына ауысты. Осы шешімнен кейін оның мансабында жаңа кезең басталды.

Бір маусымда 73 гол соққан

Кейннің 2025/26 маусымындағы көрсеткіші әлем футболында ерекше назар аудартты. Ол «Бавария» сапында 51 кездесуде 61 гол соқты. Оның 36-сы Германия чемпионатында, 14-і Чемпиондар лигасында, 10-ы Германия кубогында және біреуі Суперкубокта тіркелді. Англия құрамасында тағы 12 гол соғып, жалпы көрсеткішін 73-ке жеткізді. Бұл XXI ғасырдағы ең жоғары нәтижелердің бірі. Бұдан жоғары көрсеткішті 2011/12 маусымында Лионель Месси тіркеген. Аргентиналық жұлдыз сол кезде клубы мен ұлттық құрамасында 82 гол соққан. Кейннің басқа да маңызды рекордтары бар.

2017 жылы ол Англия Премьер-лигасында бір күнтізбелік жыл ішінде 39 гол соқты. Осылайша Алан Ширердің бұрынғы рекордын жаңартты. Сондай-ақ ол Премьер-лиганың үздік сұрмергені атағын үш рет жеңіп алды. Бір клуб үшін 213 гол соғуы да жарыс тарихындағы рекордтардың бірі болып қалды. 2025 жылы Кейн «Бавария» сапындағы алғашқы 100 голына небәрі 104 матчта жетті.

Англия құрамасының үздік сұрмергені

Харри Кейн 2015 жылы Англия құрамасында алғашқы кездесуін өткізді. Литваға қарсы ойында алаңға қосалқы құрамнан шығып, бірден гол соқты. 2018 жылғы әлем чемпионатында алты рет мергендік танытып, турнирдің «Алтын бутсысын» жеңіп алды. 2023 жылы Уэйн Рунидің рекордын жаңартып, Англия құрамасы тарихындағы ең көп гол соққан ойыншы атанды. Қазір оның еншісінде ұлттық құрамадағы 125 матч пен 91 гол бар. Кейн Англия құрамасында ең көп ойын өткізген Питер Шилтонның рекордына да теңесті.

Бір матчта үш гол соғып, кейін қақпашы болған

Кейннің мансабында футбол жанкүйерлерін таңғалдырған ерекше оқиға да бар. 2014 жылы «Тоттенхэм» Еуропа лигасында Грекияның «Астерас Триполис» командасымен кездесті. Кейн сол ойында қарсылас қақпасына үш гол соғып, хет-трик жасады.

Бірақ матч соңында «Тоттенхэмнің» негізгі қақпашысы Уго Льорис қызыл қағаз алды. Ал команда барлық ойыншы ауыстыру мүмкіндігін пайдаланып қойған еді. Сондықтан қақпаға Кейннің өзі тұруына тура келді. Шабуылшы қарсыластың айып добынан соққан добын ұстай алмай, бір гол жіберді. Соған қарамастан «Тоттенхэм» 5:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Кейн бір кездесуде әрі үш гол соққан шабуылшы, әрі гол жіберген қақпашы ретінде есте қалды.

Жұбайымен мектепте танысқан

Фото: instagram.com/ballondorofficial

Кейннің жеке өмірінде де қызықты деректер бар. Ол болашақ жұбайы Кэти Гудлендпен мектеп кезінен таныс. Екеуі 2019 жылы үйленді. Қазір төрт баласы бар. Кейн америкалық футболға да қызығады. Тіпті өзінің екі итіне NFL жұлдыздары Том Брэйди мен Расселл Уилсонның есімдерін берген. Футболшы бір сұхбатында кәсіби мансабын аяқтаған соң америкалық футболда кикер болып ойнауды қалайтынын айтқан. Бұл — америкалық футболдағы допты аяқпен теуіп, командасына ұпай әкелетін ойыншы.

«Бұл марапатты бүкіл командамызға арнаймын»

Харри Кейн «Алтын допты» алғаннан кейін Англия құрамасындағы әріптестеріне алғыс айтып, марапатын бүкіл командасына арнады. 

Бұл жыл мінсіз өтті деп айта алмаймын. Дегенмен бірге талай жарқын сәтті бастан өткердік. Жаттығуда да, алаңда да, қонақүйде де, әлем чемпионатында да бірлігімізді көрсеттік. Арамыздағы байланыс нығайып, бір-бірімізге деген сеніміміз арта түсті. Ұлттық құраманың капитаны әрі көшбасшысы болу – мен үшін үлкен мәртебе, мұны мақтан тұтамын. Сондықтан бұл марапатты жалғыз өзіме емес, барша командамызға арнаймын, – деді Кейн.

Әйелдер арасындағы «Алтын допты» Алексія Путельяс иеленді

Әйелдер арасындағы «Алтын доп»-2026 сыйлығы испаниялық футболшы Алексія Путельясқа табысталды. Ол бұл марапатты мансабында үшінші рет жеңіп алды. Бұған дейін футболшы 2021 және 2022 жылдары үздік атанған еді.

2025/2026 жылғы маусымда Путельяс «Барселона» сапында Испания чемпионатын, ел кубогын, Суперкубогын және әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Еуропаның басты клубтық турнирінде 11 матч өткізіп, жеті гол соғып, жеті нәтижелі пас берген. Маусым аяқталған соң UEFA-ның техникалық бақылаушылары оны Чемпиондар лигасының үздік ойыншысы деп таныды.

2026 жылдың шілдесінде Путельяс мансабын Англияда жалғастырып, «Лондон Сити Лайонессес» клубына ауысты.

Айта кетейік, бұған дейін BAQ.KZ тілшісі биылғы «Алтын доп» кімге бұйыруы мүмкін екенін саралап, басты үміткерлердің мүмкіндігіне шолу жасаған еді. 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх