Қазақстанда Арнайы мемлекеттік қор мен Инфрақұрылымды дамыту қоры есебінен жалпы құны 2,1 трлн теңгеден асатын инфрақұрылымдық жобалар қаржыландырылып жатыр. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев 13 қазанда Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, Арнайы мемлекеттік қор есебінен жалпы құны 617,7 млрд теңге болатын 501 жобаны жүзеге асыру көзделген. Қазірдің өзінде оның 351 нысаны аяқталған.
Ал Инфрақұрылымды дамыту қоры жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 262 жобаны қаржыландыруға қаражат бөлген.
Негізгі бағыттардың қатарында денсаулық сақтау саласындағы 41 жобаға 344 млрд теңге, сумен жабдықтау және су бұру бойынша 55 жобаға 283,4 млрд теңге, көлік инфрақұрылымындағы 48 жобаға 369,2 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа да жобалар бар, – деді Мәди Такиев.
Министрдің сөзінше, атқарылып жатқан жұмыстың басты нәтижесі халық үшін пайдалануға дайын әрі жұмыс істеп тұрған нысандар болуы керек. Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер құрылыс жұмыстарын аяқтауға және нысандарды пайдалануға беруге ерекше назар аударуы қажет.
Айта кетейік, Қазақстанда 2026 жылдың тоғыз айында цифрлық бақылау жүйесі денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы қаржылық шығындардың алдын алып, 57 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге қанша қаржы бөлінді?
Доллар неге арзандады: Ұлттық банк түсіндірді