Доллар неге арзандады: Ұлттық банк түсіндірді

Теңгенің нығаюына мұнай бағасы, базалық мөлшерлеменің өсуі және шетелдік инвестицияның артуы әсер етті.

 13 Қазан 2026, 17:25
13 Қазан 2026, 17:25
142
2026 жылдың тоғыз айында теңге бағамы 13,7%-ға нығайып, бір доллары 440,5 теңгеге дейін арзандады. Қазақстан Ұлттық банкі ұлттық валютаның нығаюына әсер еткен факторларды түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.

Айтуынша, ұлттық валютаның нығаюына мынадай жағдайлар ықпал еткен, олар:

  • мұнай мен негізгі экспорттық тауарлар бағасының жоғары болуы. Соның арқасында нарықта шетел валютасының ұсынысы артып, оған деген сұраныс қалыпты деңгейде қалған;
  • ақша-кредит саясатының шарттары, атап айтқанда, бірінші жартыжылдықта базалық мөлшерлеменің көтерілуі;
  • шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына салған инвестициясының артуы.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары жыл басынан бері мемлекеттік бағалы қағаздарға салынған инвестиция көлемі 786 млрд теңгеге өсіп, 2,6 трлн теңгеге жеткенін атап өтті.

Сондай-ақ тоғыз айда Ұлттық банк Ұлттық қордан 2,8 млрд долларға шетел валютасын биржалық нарықта сатты. Ал теңгелік өтімділікті айна операциялары арқылы алу көлемі жалпы 3,2 трлн теңгені құрады. Ұлттық банк сыртқы өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік беретін және макроэкономикалық теңгерімсіздіктің жиналуына жол бермейтін айырбас бағамының икемді режимін ұстануды жалғастырады, – деді Ерұлан Жамаубаев.

Наверх