Армения Премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы Декларацияға қол қойды. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамппен Ақ үйде өткен көшбасшылар кездесуінің қорытындысы бойынша белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Армения мен Әзербайжан барлық әскери қимылдарды мәңгілік тоқтатуға, сауда, туризм және дипломатиялық қатынастар үшін шекараларды ашуға, сондай-ақ бір-бірінің егемендігі мен территориялық тұтастығын құрметтеуге міндеттенеді, - деді Трамп.
Сонымен қатар, американдық тарап Әзербайжанмен әскери ынтымақтастыққа қатысты шектеулерді алып тастайтындарын мәлімдеді.
Кездесу барысында Никол Пашинян мен Ильхам Әлиев қарама-қайшылықты тоқтату және дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру туралы келісімге келді.
Біз қайшылық пен қырғынның бетін ашып, балаларымыз үшін жарқын әрі қауіпсіз болашақ қамтамасыз етеміз, — деді Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев.
Бүгінгі мәлімдемелер Оңтүстік Кавказ тарихында бейбітшілік, өркендеу, қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастыққа арналған жаңа тараудың ашылып жатқандығына сенім береді, — деді Армения премьер-министрі Никол Пашинян.
Сондай-ақ АҚШ екі елмен энергия, сауда және технология, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған екіжақты келісімге қол қойды.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп Армения мен Әзірбайжан арасындағы Болашақ Бейбітшілік келісімінің беріктігіне сенім білдірген болатын.