Армения премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян ЕАЭО-дағы кооперациялық жобаларды қаржылай қолдау тетіктерін агроөнеркәсіп саласына да тарату маңызды екенін айтты. Ол бұл туралы Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Григорянның айтуынша, агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастықты дамыту Одақ елдері үшін маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Армения Республикасы агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді және кооперациялық жобаларды қаржылай қолдау тетіктерін агроөнеркәсіп саласына тарату туралы хаттамаға қол қойылуын құптайды, – деді Армения вице-премьері.
Ол мұндай қадам ЕАЭО елдері арасындағы кооперацияның дамуына және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Григорян сондай-ақ тауарлар мен қызметтер саудасын ырықтандыру Одақ аясындағы экономикалық интеграцияны тереңдетудің негізгі шарттарының бірі болып қала беретінін айтты.
Оның сөзінше, ұлттық реттеудің кейбір тұстары әлі де тәжірибелік тұрғыдан үйлестіруді қажет етеді. Вице-премьердің айтуынша, бұл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын нығайтуға, реттеу тетіктерінің болжамдылығын арттыруға және бизнес үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға қосымша мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Григорян үшінші елдермен сауда-экономикалық байланыстарды әртараптандыру және қолданыстағы еркін сауда келісімдерін тиімді жүзеге асыру қажеттігіне де тоқталды.
Еске салсақ, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ЕАЭО-да шағын бизнесті өндірістік тізбекке қосуды ұсынды.
Ал Куба вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса ЕАЭО-ны экономиканы дамытудағы басты серіктестердің бірі деп атады.