Аритмологтар науқасқа ерекше аппарат қойды

24 Желтоқсан 2020, 09:53
1566
Бөлісу:
Аритмологтар науқасқа ерекше аппарат қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кардиохирургия орталығында заманға сай жоғарғы технологиялық ем шаралар мен күрделі оталардың барлық түрі (оның ішінде жүрек алмастыруға дейін) жасалады.

Елімізде медициналық сақтандыру енгізілгелі бері жүрек-қан тамыр ауруларын емдеу, күрделі ота жасату жоспарлы түрде МӘМС жүйесінде және ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) аясында жасалады, - деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы.

Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Кардиохирургия орталығына  Қазақстанның кез келген аймағынан науқастар  портал, квота арқылы түсе алады. Оған ешқандай шектеу жоқ. Ота кезегінде тұрған науқастар аса көп емес деуге болады, шамамен 1 айдай ғана күтеді. 

МӘМС аясында ота жасатқысы келетін науқастарға міндетті түрде ЭКГ, ЭХОКГ, Холтер монитор ЭКГ, жедел жәрдем кезіндегі ЭКГ қажет. Осы тексерулерден кейн біздің орталықта аритмологтың кеңесі қажет. Маман кеңесін алу үшін байланыс орталығына хабарласып, алдын ала жазылу керек, - дейді Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының интервенциялық аритмология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор,  Қазақ аритмологтар қоғамының президенті Аян Сүлейменұлы Әбдірахманов. 

Біраз уақыт бұрын гипертрофиялық кардиомиопатия диагнозымен түскен науқасқа  Кардиохирургия орталығының дәрігерлері Қазақстанда және Орта Азияда алғашқы рет тері астына қойылатын кардиовертер-дефибриллятор аппаратын қойды (S-ICD - subcutaneous implantable cardioverter-defibrillator). Бұл аппараттың ерекшелігі мүлдем қан-тамыр жүйесіне еңгізілмейді, сонымен қатар тері астында тұрып кенеттен болатын жүрек өлімінен құтқарады.  Жаңа жоғары технологиялық қызмет түріне жататын бұл ота Кардиохирургия орталығының күшімен жасалды.

Тағы бір ерекше мысал: науқас 36 жаста, диагнозы - толық 3 санатты АВ-блокада. Бірнеше рет электрокардиостимулятор ауыстырылған, бірақ қан-тамыр мен жүрек ішіндегі электродтары қала берген. Біздің орталыққа түскенде стимулятордың орны іріңдеп, сепсис болған. Бұл жағдайда барлық іштегі импланттарды алу қажет, іштегі электродтар тамырмен - жүрекпен бітіп кеткен. Оларды алу науқастың өміріне өте күрделі, алмасқа амал жоқ. Іштегі электродтардың бәрін алып, орнына ТМД мемлекеттері ішінде алғашқы болып 2017 жылдың 22 тамызында электродсыз дүние жүзіндегі ең кішкентай Micra стимуляторын орнаттық. Қазір науқастың жағдайы жақсы, жылына 1 рет бақылауға келіп тұрады, - деп еске алды А.Әбдірахманов.

Қазіргі жағдайда Кардиохирургия орталығында жүрек ырғағының бұзылуына қатысты жоғарғы технологиялық заманауи барлық оталар жасауға мүмкіншілік бар.  Білікті дәрігерлер үшін тіпті жаңа туған нәрестелерге де ота жасау  - қалыпты жайт.

Дәрігер жүрек ырғағының бұзылуын болдырмау үшін не істеу керегіне қатысты кеңес берді. 

Жүрек ырғағының бұзылуы көбіне  жүрек ақауы, ишемия, қан қысымының көтерілуі, т.б. жүрек ауруларының себебінен болады.  Сондықтан, мүмкіндігінше спортпен айналысу, диета ұстану, майлы тамақтан тежелу, артық салмақтан арылудың жолын іздеу қажет. Жүрек ауруларының алдын алу – салауатты өмір сүруге байланысты, - дейді ол.
Өзгелердің жаңалығы